9 жыл бұрын жоғалған Семей тұрғынының жеке басы ДНҚ арқылы анықталды

Бүгін, 17:11
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
9 жыл бұрын жоғалған Семей тұрғынының жеке басы ДНҚ арқылы анықталды
Фото: freepik.com

ІІМ-нің молекулалық-генетикалық зертханасының әлеуетінің арқасында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар ондаған тұлға анықталды. Адам өлтіру және зорлау фактілері, соның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар ашылды. Сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды анықтауға да көп септігін тигізіп отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

«Мысалы, 2017 жылы 27 жастағы ер адам Семей қаласынан шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Анасы полицияға жүгінгенімен, ол кезде оның жүрген жерін анықтау мүмкін болмаған. Уақыт өте келе Қызылорда облысында белгісіз адамның сүйек қалдықтары табылды. Жүргізілген ДНҚ-сараптамалары мен заманауи криминалистикалық әдістердің нәтижесінде полицейлер марқұмның жеке басын анықтап, оны із-түзсіз кеткен азамат екендігін растады. 

Әрбір осындай деректің артында жедел уәкілдер, тергеушілер мен криминалистердің үлкен әрі мұқият еңбегі жатыр. Өткен жылдардағы қылмыстарды ашу және хабар-ошарсыз кеткендердің тағдырын анықтау жұмыстары жалғасуда. Заманауи тергеу тәсілдері мен криминалистиканың мүмкіндіктері қылмыс жасалған уақытқа қарамастан, тұлғаларды анықтауға және қылмыскерлерді табуға мүмкіндік береді. Ешбір қылмыскер жазасыз қалмауы тиіс – бұл заң мен тәртіптің басты қағидаты», – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.