Қазақстан әскерінде жаңа талап: сарбаздар жылына кемінде 5 кітап оқиды

Бүгін, 10:34
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстан әскерінде жаңа талап: сарбаздар жылына кемінде 5 кітап оқиды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Қарулы Күштерінде жаңа талап енгізілді: мерзімді қызмет кезеңінде әрбір әскери қызметші кемінде бес кітап оқуға міндетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл бастама жеке құрамның дамуына және 23 сәуірде елімізде атап өтілетін Кітап күні қарсаңында оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. 

Ол ЮНЕСКО-ның бастамасымен бекітіліп, бүкіл әлемде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде аталып өтеді. Қазақстанда бұл күн Президент тапсырмасымен алғаш рет 2025 жылы оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық дата ретінде атап өтілді.

Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінде 322 кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында 52 434 дана көркем әдебиет және 198 293 оқу басылымы бар.

– Біздің кітапханамызда отандық авторлардың, әскери жазушылар мен әскери ғалымдардың көптеген еңбектері бар. Олар әскердің қалыптасуы мен дамуы туралы жазылған бірегей құнды еңбектер. Кітапхананың өзі 2020 жылдың желтоқсан айында ашылды. Кітапхана қорында 7000-нан астам кітап бар. Қор қайырымдылық акциялардан келіп түскен кітаптар негізінде жасақталды. Бізге Астана мен Алматы қалаларының кітапханалары кітаптар табыстады. Сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университетінің кітапханасы да үлкен көмек көрсетті. Бізде сирек кездесетін кітап басылымдары өте көп, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-ғылыми кітапханасының меңгерушісі Оксана Әлжанова.

Жыл басынан бері әскери қызметшілерге 48 837 кітап берілген. Бұл жеке құрам арасында кітап оқуға деген қызығушылықтың бар екенін көрсетеді. 

Кітапхана қоры үнемі толықтырылып отырады. Кітаптар демеушілік көмек, баспалармен ынтымақтастық, сондай-ақ қайырымдылық акциялары аясында келіп түседі. Бұл шараларға әскери қызметшілер де қатысып, көпшілігі жеке жинақтарындағы кітаптарды әкеліп, бөлім кітапханаларына тапсырады.

– Ұлттық-әскери патриоттық орталығында мерзімді әскери қызметті өткеріп жатқан музыкантпын. Мұндағы кітапханада қызықты тақырыптағы кітаптар көп. Қазіргі сәтте Мұхтар Шахановтың кітабын оқып жатырмын. Жалпы маған детектив жанры мен әскери тақырыптағы кітаптар ұнайды, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық взводының сарбазы Нұрдос Айтмұхаметов.

Еске салайық, бүгін елімізде Ұлттық кітап күні аталып өтуде. Осыған орай, Мемлекет басшысы отандастарымызды Ұлттық кітап күнімен құттықтады.