Азия даму банкі Қазақстан жобаларына 5,5 млрд доллар инвестиция салады
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында Азия даму банкінің Бас директоры Евгений Жуковпен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективасын талқылады. Министр банктің Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға, озық технологияларды енгізуге және тұрақты шешімдерді дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Қазақстан Үкіметі мен Азия даму банкі басшылығы арасындағы келіссөздердің қорытындысына ерекше назар аударылды. Олардың нәтижесінде 2026–2029 жылдары жалпы сомасы шамамен 5,5 млрд АҚШ доллары болатын 15 жобаны іске асыруды көздейтін меморандумға қол қойылды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағытының бірі ретінде жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту айқындалды. Осы тұрғыда 2024 жылы қабылданған «Жылу энергетикасы туралы» заңның маңыздылығы атап өтілді, ол саланы дамыту үшін заманауи нормативтік негіз қалыптастырды.
Тараптар сондай-ақ өңірлердің жылумен жабдықтау схемасын әзірлеудегі бірлескен жұмысты талқылады. Бұл шаралар энергия тиімділігін арттыруға, шығынды азайтуға және ЖЭО, қазандықтар мен жылу желісін жаңғыртуға бағытталған.

Декарбонизация және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, газ шешімдері, жылу энергиясын жинақтау жүйелері және желілерді цифрлық басқару бағыттары қарастырылды.
Сонымен қатар электр желілерін дамыту, Smart Grid шешімдерін енгізу және жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артқан жағдайда энергожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін энергия жинақтау жүйелерін дамыту перспективалары талқыланды.
Тараптар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды кеңейтуге, жеке инвестицияларды тартуға, тарифтік саясатты жетілдіруге, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамытуға және кадрлар даярлауға қатысты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға сенім білдірді.
Еске сала кетсек, Өңірлік экологиялық саммит аясында Энергетика министрлігі мен «Karaganda Wind Power» компаниясы арасында 500 МВт жел электр станциясын салу жөнінде инвестициялық келісім жасалды.