Қарағанды облысында 500 МВт жел электр станциясы іске қосылады

Қарағанды облысында 500 МВт жел электр станциясы іске қосылады
Фото: Энергетика министрлігі

Өңірлік экологиялық саммит аясында Энергетика министрлігі мен «Karaganda Wind Power» компаниясы арасында 500 МВт жел электр станциясын салу жөнінде инвестициялық келісім жасалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжатқа Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен «Karaganda Wind Power» ЖШС басқарма төрағасы Шао Юэбо қол қойды.

Қарағанды облысындағы 500 МВт қуаттағы жел электр станциясы мемлекетаралық келісім аясында жүзеге асырылып отыр және ол Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі.

Жобаға 645 млн доллар көлемінде инвестиция салынады. Станция жыл сайын шамамен 1,6 млрд кВт/сағ «жасыл» электр энергиясын өндіреді деп көзделіп отыр.

Жобаны іске асыру жыл сайын шамамен 1,3 млн тонна көмірқышқыл газын шығаруды азайтуға мүмкіндік беріп, елеулі экологиялық әсер береді.

Еске сала кетсек, елімізде өндірілген электр қуаты тұтыну көлемінен асты.