Қазақстан суды есепке алудың цифрлық жүйелерін дамытуды ұсынды

Бүгін, 10:52
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстан суды есепке алудың цифрлық жүйелерін дамытуды ұсынды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өңірлік экологиялық саммит аясында өткен «Еуропалық одақ – Орталық Азия» тақырыбындағы қоршаған орта мен су ресурстары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жоғары деңгейдегі 8-інші конференцияға қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өз сөзінде Нұржан Нұржігітов Қазақстан су, энергетика және климаттың өзгеруі мәселелерін қамтитын «Еуропа командасы» бастамасын одан әрі дамытуды қолдайтынын атап өтті. Бұл бастама - өңір елдері арасындағы нақты, практикалық ынтымақтастықты күшейтуге, өзара тәжірибе алмасуға және су саласына инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.

«Жұмыс тобы аясында Қазақстан трансшекаралық су нысандарын мониторингтеуді автоматтандыру, суды есепке алудың цифрлық жүйелерін дамыту, сондай-ақ өңірлік су-энергетикалық тетікті ілгерілету бойынша бірқатар бастама ұсынды. Бұл бағыттар климаттың өзгеруі, су тапшылығының артуы және су ресурстарын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру қажеттілігі жағдайында ерекше өзекті деп санаймыз. Еуропалық серіктестермен өзара іс-қимыл кешенді сипатқа ие және техникалық, қаржылық, білім беру және ғылыми-технологиялық бағыттарды қамтиды. Бұл ынтымақтастық Қазақстандағы су секторын жаңғыртуға және су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар өңірлік тұрақтылықты нығайтуға да ықпал етеді», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Еске сала кетейік, Қазақстан су ресурстарын басқаруда озық француз тәжірибесін пайдаланбақ.