Астанада кітапханалар желісі кеңейіп, оқырман саны 100 мыңға жетті
Астанада соңғы жылдары кітапханалар желісі кеңейіп, олардың саны 25-ке жетті. Жаңғырту жұмыстары нәтижесінде оқырмандар саны 100 мыңға дейін өсіп, кітап қоры 900 мың данаға толықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Астанадағы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 25 жалпыға қолжетімді қалалық кітапхана жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап елордадағы кітапханаларды жаңғырту, модернизациялау және кітап қорын толықтыру жұмысы жүргізіліп келеді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Астана қаласындағы кітапханалар саны 18-ден 25-ке дейін артты. Қалада 7 жаңа кітапхана ашылып, шамамен 40 маман жұмыспен қамтылды. Тұрақты оқырмандар саны 80 мыңнан 100 мыңға дейін өсті, кітап қоры 900 мың данаға жетті. 25 кітапхананың ішінде 16-сы – көпшілік, 8-і балаларға арналған, сондай-ақ көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға қызмет көрсететін 1 арнайы кітапхана жұмыс істейді.

Кітапхана маңында орналасқан жоғары оқу орындарының студенттері және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар кітапханалардың жұмыс уақыты ұзартылды. Атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхана сағат 23:00-ге дейін, ал Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы сағат 21:00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Кітап қорын толықтыру жұмыстары бойынша зиялы қауым өкілдерінен құралған арнайы комиссия құрылып, жаңа әдебиеттер сол комиссияның шешімі негізінде сатып алынады. Сондай-ақ оқырмандар арасында сауалнамалар жүргізіліп, олардың сұранысына сәйкес кітап қоры тұрақты түрде толықтырылып отырады.
Еске сала кетсек, елордада орталық кітапхана түнгі 23:00-ге шейін жұмыс істейді. Бұл туралы Астанадағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлбадан Мәдібаева тілшімізге берген сұхбатында мәлім етті.