Атырауда тозығы жеткен нысанға бөлінбек болған 389 млн теңге үнемделді

Бүгін, 18:06
Думан Аманжол Думан Аманжол
Атырауда тозығы жеткен нысанға бөлінбек болған 389 млн теңге үнемделді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Атырау облысында прокурорлар бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Жылыой ауданының прокуратурасы аудан әкімдігінің бюджет қаражатын негізсіз жоспарлағанын анықтады.

Атап айтқанда, аудандық бюджет комиссиясының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы шешімімен спорт кешенін сатып алуға 389 млн теңге бөлу көзделген. Алайда, жоспарланған нысанның тозығы жеткені белгілі болды.

«Тиісінше, нысанды сатып алғаннан кейін оны жөндеуге бюджеттен қосымша қаржы талап етіледі, бұл екі есе шығынға әкеп соғады. Осылайша, аталған жобаны іске асыру бюджет қаражатын ұтымды жоспарлау және тиімді пайдалану принциптеріне қайшы келеді», деп хабарлады Бас прокуратура.

Осыған байланысты аталған шешімнің күші жойылып, 389 млн теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Еске салсақ, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматшасын елге қайтарды.