Жиені нағашысының атына 11 микрокредит рәсімдеген


Ақмола облысында полицейлер ЭЦҚ арқылы жасалған алаяқтықты тергеп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ақмола облысында жергілікті тұрғын электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы жасалған алаяқтықтың құрбаны болды. Полицияға жүгінген әйелдің айтуынша, оның жиені өз атына рұқсатсыз 629 мың теңге көлемінде 11 микрокредит рәсімдеген, - делінген хабарламада.
Зардап шегушінің сөзінше, 2025 жылдың 6 наурызында ол жиенінен ЭЦҚ алу процесіне көмектесуін сұраған. Жас жігіт ноутбук арқылы белгілі бір сайтқа кіріп, фото және бейне тексеруден өтуді сұраған. Кейін ЭЦҚ сәтті жасалғанын хабарлаған.
Алайда, 8-26 наурыз аралығында әйелге белгісіз қаржы ұйымдарынан күмәнді хабарламалар келе бастаған. Алаяқтықтан қауіптеніп, ол ешқандай әрекет жасамаған. Тек 27 наурызда Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінгенде, оның атына 11 микрокредит ресімделгені белгілі болды.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Мамандар азаматтарға алаяқтардың құрбаны болмау үшін келесі сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
- Жеке деректеріңізді, соның ішінде ЭЦҚ-ны ешкімге бермеңіз;
- Верификация жүргізіп жатқан сайттардың ресми әрі қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз;
- Мобильді банк қосымшасында хабарландыруларды іске қосып, қаржылық операцияларыңызды қадағалап отырыңыз;
- Несие тарихыңызды жүйелі түрде тексеріңіз.
Егер күмәнді әрекеттер байқасаңыз, дереу құзырлы органдарға хабарласыңыз.



