Референдум-2026

Бауыржан Тахауов: Әлем чемпионатында қола жүлде алуымыз – кездейсоқ нәтиже емес

Бауыржан Тахауов: Әлем чемпионатында қола жүлде алуымыз – кездейсоқ нәтиже емес
Фото: Бауыржан Тахауов жеке мұрағатынан

Қазақстанның отырып ойнайтын волейболдан ерлер құрамасы тарихта алғаш рет әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Осы орайда ұлттық құраманың бас бапкері Бауыржан Тахауов Elordainfo.kz тілшісіне команданың басты артықшылығы, шешімін күткен мәселелер және алдағы мақсаты туралы әңгімеледі.

- Тарихи қола жүлделеріңіз құтты болсын! Әлем чемпионатында жүлдегер атанған сәттегі алғашқы эмоцияңыз қандай болды?

- Эмоцияны сөзбен жеткізу қиын. Қазақстан параволейболы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының үздік үштігіне еніп, қола жүлде жеңіп алды. Сондықтан көп жылғы еңбектің жемісін көргенімізге ерекше қуаныштымыз.

Бір жайтты атап өткім келеді. Әлемде отырып ойнайтын волейболмен айналысатын 78 мемлекет тіркелген. Соның тек 16 құрамасы ғана іріктеуден өтіп, әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Осындай бәсекеде жүлдегер атану - үлкен жетістік.

- Әлем чемпионатына қандай мақсат қойып бардыңыздар? Бұған дейінгі ең үздік нәтиже 7-орын болғанын ескерсек, бұл қола жүлдені сенсация деуге бола ма?

- 2025 жылы АҚШ-та өткен Әлем кубогында қола жүлде еншіледік және Азия чемпионы атандық. Сол жетістіктігіміздің арқасында спорт мамандары бізді әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жетеді деп болжам жасаған еді. Міне, сол болжамды жігіттеріміз орындай білді. Салыстырмалы түрде 2022 жылғы жаһандық додада 7-орынға табан тіреген едік. Жалпы мен осы ұлттық құраманы 2014 жылдан бері баптап келемін. 2014 жылғы жазғы пара Азия ойындарында 4-орын, 2018 жылы Джакартада 3-орын, 2023 жылы күміс жүлдеге ие болған едік. Байқағандарыңыздай, уақыт өткен сайын жігіттеріміз де ақырындап өсті. Әлем чемпионатының жүлдесі болуы да заңды құбылыс деп санаймын.

- Қазақстанның ерлер құрамасы 2023 жылы 28 жылдан кейін Паралимпиада ойындарына жолдама алып, үлкен жетістікке жетті. Енді әлем чемпионатында тарихи қола жүлде иеленіп отырсыздар. Сол кездегі құрамамен салыстырғанда команда қаншалықты өзгерді? Жас ойыншылар көп қосылды ма?

- Иә, команда жасарып келеді. Сол кезбен салыстырар болсақ, құраманы 4 жас ойыншы толықтырды. Команданың басым бөлігі Атырау облысы, одан кейін Қызылорда облысы мен Маңғыстау облысынан құралған.

- Отырып ойнайтын волейбол Қазақстандағы табысты параспорт түрінің біріне айналып келеді. Бүгінде осы спортпен айналысқысы келетіндердің саны артып жатыр ма? Қазіргі құраманың басты артықшылығы неде деп ойлайсыз?

- 2018 жылы алғаш рет Қазақстанда Параволейбол федерациясы құрылып, өңірлерде филиалдары ашыла бастады. Қазір 10-12 команда бар. Қазақстан чемпионаты тұрақты жолға қойылған. Менің ойымша, команданың басты артықшылығы – жігіттер көбінесе бірге жаттығатындықтан, өзара түсіністігі жоғары.

- Тарихи қола жүлдеге қарамастан, бас бапкер ретінде команданың әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстары қандай деп есептейсіз? Алдағы негізгі міндеттеріңіз қандай?

- Иә, қола жүлде алсақ та, команданы мінсіз деп айтуға келмейді. Допты ойынға қосу, шабуыл ұйымдастыру және ең бастысы бойы ұзын ойыншы табу мәселесін шешуіміз керек. Енді алдағы міндетіміз – Жапониядағы пара Азия ойындарында жүлделі орынға ілігу.

- Бұл әлем чемпионатындағы ең қиын матч қайсы болды? Неліктен?

- Ең қиын ойын жартылай финалда 8 дүркін әлем чемпионы Иранға қарсы болды. Бізге ғана емес, өзге құрамаларда ұзақ жылдар бойы дәл осы Иранның кілтін таппай жүр. Олардың ерекшелігі – бойы ұзын волейболшылар көп. Әлемдегі бойы ең ұзын - 2 метр 47 сантимер волейболшы Иранда ойнайды. Қола жүлде үшін өткен кездесудегі Бразилияны жеңу де оңайға түспеді. Себебі, біз олардан топтық кезеңде 1:3 есебімен есе жіберген едік. Ал қарымта кездесуде ұттық.

- Командадағы қай ойыншы осы турнирде ерекше көзге түсті?

- Команда жағынан ешкімді бөліп жармаймын. Бірақ әлем чемпионатының ұйымдастырушылары Шыңғыс Медеуовті «Үздік байланыстырушы» және Пердебай Намұратовты «Үздік шабуылшы» ретінде мойындап, арнайы номинациясын берді.

- Қазір ұлттық құрамаға жас ойыншыларды тарту жұмысы қалай жүргізіліп жатыр? Резерв жеткілікті ме?

- Жаттығуымыздың басым бөлігі Атырау қаласында өтеді. 2-3 бөлмелік пәтерді жалға алып, Қазақстанның әр түкпірінен жастарды қарастырып жатырмыз. Осы сәтте 22 спортшы жаттығуда. Дәл қазіргі міндетіміз – командаға бойы ұзын ойыншы табу. Үмітімізді үзбейміз. Аяғынан жарақат алған жігіттерді барынша дайындауға әзірміз.

Өкінішке қарай, еліміздің шығыс өңірлерінде параволейболдың дамуы баяу. Семей мен Өскеменде де мықты ойыншылар бар деп ойлаймын. Сол өңірлерде бұл спорт түріне көбірек көңіл бөлінсе екен дейміз.

- Қазақстан құрамасының әлемдік деңгейдегі көшбасшы командалардан әлі де үйренетін тұстары қандай?

- Үйренетін дүние көп. Әсіресе блок қою, доп қабылдау техникасын жетілдіру қажет. Кейде ойыншылар жамбасты толық көтеріп жіберіп, ереже бұзуға жол береді. Осындай қателікті азайту бағытында тұрақты жұмыс істеп келеміз.

- Сұхбатыңызға рахмет!