Астанада 18 қабатты тұрғын үйден өрт шықты
Астана қаласының Нұра ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрт толық сөндірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, өрт Е-36 көшесіндегі 18 қабатты тұрғын үйде болған. Оқиға орнына алғаш жеткен өрт сөндіру бөлімшелері ғимараттың 6-қабаты деңгейінде қою түтінді байқаған.
«Қазіргі уақытта елордалық ТЖМ өрт сөндірушілері тілсіз жауды сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өрт сөндіру оқпандары дереу іске қосылып, жалынды толық ауыздықтау үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Су үздіксіз беріліп жатыр», – делінген министрліктің хабарламасында.
Өрт кезінде тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары ұйымдастырылды.
Кейінірек ТЖМ өрттің толық сөндірілгенін хабарлады. Нақтыланған мәліметке сәйкес, өрт алтыншы қабаттағы пәтердің балконы мен ас үйінде шыққан.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.