«Спасск» полигонында дрондар мен роботтандырылған кешендер сынақтан өтті
«Спасск» оқу орталығының полигонында отандық ұшқышсыз жүйелер мен роботтандырылған кешендердің демонстрациялық сынақтары өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Қазақстандық кәсіпорындар әзірлеген перспективалы техникалық үлгілер жауынгерлік жағдайға барынша жақын ортада тексерілді. Сондай-ақ, іс жүзінде әскери пайдалану нәтижесі оларды еліміздің Қарулы күштеріне қабылдау мәселесін қарау кезінде ескеріледі.
Сынақ барысында ұрыс алаңында кең ауқымды міндеттерді орындай алатын заманауи роботтандырылған кешендер таныстырылды. Олар оқ-дәрі мен инженерлік құралдарды жеткізуге, жараланғандарды эвакуациялауға, жүкті тасымалдауға арналған. Сонымен қатар қойылған міндеттерге қарай ПКТ пулеметімен және басқа да атыс қаруымен жабдықталуы мүмкін.

Сынақ барысында дрондар шоғырын басқару жүйесінің көрсетіліміне ерекше назар аударылды. Кешен бір операторға бір мезгілде нысаналарды жоюға арналған 100-ге дейінгі дроннан тұратын топты басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүйе ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл міндеттерін орындайтын мамандарды даярлау барысында да қолданылады.
Сынақтарға радиоэлектрондық күрес бөлімшелері де қатысты.
– Бүгінде ұшқышсыз технологиялар мен роботтандырылған кешендер заманауи ұрыс алаңының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Тәжірибелік-әскери пайдалану отандық әзірлемелердің мүмкіндіктерін объективті бағалауға, оларды одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындауға және Қарулы күштерде қолдану перспективалары жөнінде салмақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – деді демонстрациялық сынақтар комиссиясының төрағасы полковник Әмір Қасенов.

Әзірлеуші компанияның өкілі Дмитрий Поповтың айтуынша, ұсынылған барлық кешен қазіргі заманның талабы мен ұшқышсыз жүйелерді қолданудың практикалық тәжірибесін ескере отырып жасалған.
– Біздің міндетіміз – әскери қызметшілерге логистика мен эвакуациядан бастап, атыстық қолдау көрсету және ұшқышсыз технологияларды қолдануға дейінгі кең ауқымды міндеттерді орындай алатын сенімді әрі тиімді шешімдерді ұсыну. Полигондағы сынақтар әскери қызметшілерден кері байланыс алып, техниканы одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.