Референдум-2026

Астанада 18 ұйым арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия алды

Астанада 18 ұйым арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия алды
Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі

Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау жүйесін кезең-кезеңімен жетілдіру жалғасуда. Мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға ерекше назар аударылуда – мүгедектікті белгілеуден бастап арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуге және жеке көмекшілердің сүйемелдеуіне дейін. Астанада көрсетілетін қолдаудың ашықтығын, қолжетімділігін және сапасын арттыруға бағытталған жаңа тетіктер қазірдің өзінде жүзеге асырылуда. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ләззат Сартымбетова қалалық Коммуникациялар қызметінің алаңында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Құжаттарды сапалы дайындау – мүгедектікті уақытылы белгілеудің кепілі

Мүгедектікті белгілеу мемлекеттік қолдаудың көптеген шараларын алудың алғашқы кезеңі болып табылады. Сондықтан азаматтарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) жіберу кезінде медициналық құжаттарды сапалы дайындау ерекше маңызды рөл атқарады.

Бүгінгі таңда елордада мүгедектігі бар 42 816 адам тұрады, оның ішінде 12 808-і – 18 жасқа дейінгі балалар.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері 10 466 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде 5 418 қызмет (51,8%) сырттай проактивті форматта, ал 5 048 қызмет (48,2%) бетпе-бет куәландыру кезінде көрсетілді. Салыстыру үшін, өткен жылдың осы кезеңінде 9 617 қызмет көрсетілген, бұл ретте сырттай проактивті форматтың үлесі 45,3%-ды құраған.

Медициналық құжаттардың толық пакеті және денсаулық жағдайын объективті бағалау МӘС мамандарына заңнамада белгіленген мерзімдерде шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Құжаттар толық рәсімделмеген жағдайда азаматтарға қосымша тексерулерден өтуге немесе қызмет алу үшін қайта жүгінуге тура келеді, бұл әлеуметтік қолдау алу мерзімін ұзартады. Осыған байланысты медициналық ұйымдар медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдамаларды дайындау сапасына ерекше көңіл бөлуі қажет.

Арнайы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау көмек көрсету сапасын арттырады

Реформалардың тағы бір маңызды бағыты – қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау болды.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мұндай ұйымдардың қызметі тек мемлекеттік лицензия болған жағдайда жүзеге асырылады. Бұл жаңашылдық бірыңғай сапа стандарттарын қамтамасыз етуге, қызмет алушылардың қауіпсіздігін арттыруға және мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Астана қаласында 18 ұйым лицензия алды, оның ішінде 7 мемлекеттік мекеме және 11 үкіметтік емес ұйым бар. Олар әртүрлі типтегі 34 бөлімшеде қызмет көрсетіп, 7,1 мыңнан астам қызмет алушыны қамтып отыр.

Ең сұранысқа ие қызметтердің бірі – жыл басынан бері 2 мыңнан астам адам пайдаланған үйде көрсетілетін арнайы әлеуметтік қызметтер болып қалуда.

Мамандар арнайы әлеуметтік қызметтерді тек лицензиясы бар ұйымдардан алу қажеттігін еске салады. Лицензияның болуы мекеменің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін, білікті мамандардың бар екенін және сапа мен қауіпсіздіктің мемлекеттік стандарттарының сақталуын растайды.

Жеке көмекшілердің жұмыс форматы жаңартылуда

Мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекші институтын жетілдіру жұмыстары да жүргізілуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жеке көмекшінің қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізді. Негізгі жаңашылдық – мүгедектігі бар адам, қызмет көрсетуші және жеке көмекші арасында үшжақты шарттың енгізілуі болды.

Мұндай тетік барлық қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін нақты айқындауға, қызмет көрсетудің ашықтығын арттыруға және олардың сапасын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Қызметтердің төлемі әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады және нақты көрсетілген сүйемелдеу көлеміне қарай жүргізіледі. Бір қызметтің құны айлық есептік көрсеткіштің 54,56%-ын құрайды, бұл ретте бір қызметтің ұзақтығы төрт сағаттан аспайды, ал жалпы саны айына 60 қызметтен аспауы тиіс.

Қызмет алушы көрсетілген көмектің сапасын бағалауға, негізді ескертулер болған жағдайда орындалған жұмыстар актісіне қол қоюдан бас тартуға және қызмет көрсетушінің әрекеттеріне заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.

Қазіргі уақытта Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы қолданыстағы және жаңадан тартылатын жеке көмекшілермен шарттар жасасу бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл жұмысты 2026 жылғы 1 тамызға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Әлеуметтік қолдаудың заманауи жүйесі

Цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізу, медициналық-әлеуметтік сараптаманың сапасын арттыру, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетушілерді лицензиялау және жеке көмекші институтын жетілдіру әлеуметтік қорғау жүйесін тиімді, ашық және азаматтардың қажеттіліктеріне бағытталған етуге мүмкіндік береді.

Заманауи ақпараттық жүйелерді пайдалану мемлекеттік органдарды мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктері туралы өзекті деректермен қамтамасыз етеді, қолдау шараларын атаулы түрде ұсынуға, әлеуметтік қызметтерді тиімді жоспарлауға және қызмет алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге ықпал етеді.

Бұл өзгерістердің басты мақсаты – әрбір мүгедектігі бар адамға уақтылы, сапалы, қауіпсіз және қолжетімді мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету.