Референдум-2026

ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы 1,8 мың зардап шегушіге шұғыл көмек көрсетті

ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы 1,8 мың зардап шегушіге шұғыл көмек көрсетті
Фото: ТЖМ

Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы 2026 жылдың алғашқы алты айында 1 836 зардап шегушіге шұғыл медициналық көмек көрсетті. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Ведомствоның мәліметінше, Апаттар медицинасы орталығы төтенше жағдайлар, жол-көлік оқиғалары және өзге де шұғыл жағдайлар кезінде зардап шеккендерге тәулік бойы медициналық көмек көрсетуге дайын арнайы ұйым саналады.

Қазіргі таңда Орталықтың еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейтін 20 филиалы бар. Жыл басынан бері олардың мамандары 4 942 шақыртуға шыққан. Оның ішінде 538 шақырту жол-көлік оқиғаларына қатысты болған.

Есепті кезеңде 1 836 адамға шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, 782 зардап шегуші әрі қарай ем алу үшін медициналық ұйымдарға жеткізілді.

Сондай-ақ трассалық медициналық-құтқару бекеттері алты ай ішінде 849 шақыртуға шығып, 1 199 адамға көмек көрсеткен.

ТЖМ мәліметінше, қазіргі уақытта Апаттар медицинасы орталығының материалдық-техникалық базасын нығайту, бөлімшелерді заманауи медициналық техникамен және санитариялық автокөлікпен жабдықтау, цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен құтқарушылардың біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Ведомствоның атап өтуінше, бұл шаралар төтенше жағдайлар кезінде медициналық көмектің жеделдігі мен тиімділігін арттыруға және халықтың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Қазақстан ТЖМ авиациясы 280 пациентке шұғыл көмек көрсеткенін жазған едік.