Референдум-2026

Елімізде бір жылда астық экспорты 12,5%-ға өсті

Бүгін, 12:59
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде бір жылда астық экспорты 12,5%-ға өсті
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 17 шілде аралығында астық пен астыққа шаққандағы ұн экспорты 13,5 млн тоннаға жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға жоғары. Өткен маусымда сыртқы нарықтарға 12 млн тонна өнім экспортталған болатын.

Экспорт көлемінің өсуіне Орталық Азия елдері мен Ауғанстандағы дәстүрлі нарықтардағы жоғары сұраныс негізгі серпін берді. Атап айтқанда, Өзбекстанға экспорт 37%-ға өсіп, 5,6 млн тоннаны құрады. Қырғызстанға экспорт көлемі 1,4 есеге артып, 504 мың тоннаға жетті. Ауғанстанға жөнелтілген өнім көлемі 59%-ға өсіп, 2,2 млн тоннаны, ал Түрікменстанға экспорт 34%-ға ұлғайып, 210 мың тоннаны құрады.

«Жүк тасымалы көрсеткіштерінің оң өсімі қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін айғақтайды. Сондай-ақ бұл экспорттық логистиканы дамыту және шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бағытында қолға алынған шаралардың нәтижелі екенін көрсетеді», - деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.

Еске салсақ, еліміздің солтүстік өңірлерінен Түркістан облысына азықтық бидай жөнелтілгенін жаздық.