Референдум-2026

Жаһандық IT-компания туристік орындарда салынып жатқан үш әуежайды заманауи цифрлық шешіммен жабдықтамақ

Жаһандық IT-компания туристік орындарда салынып жатқан үш әуежайды заманауи цифрлық шешіммен жабдықтамақ
Фото: Көлік министрлігі

Астанада Көлік министрлігінің басшылығы SITA компаниясы өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап.  

Кездесуде SITA компаниясының мемлекеттік әуежайларға жүргізген аудит қорытындысы талқыланды және азаматтық авиация саласын кешенді цифрландыру бойынша алдағы стратегиялық қадамдар айқындалды.

Азаматтық авиация комитетінің қолдауымен SITA компаниясы еліміздегі 14 мемлекеттік әуежайға аудит жүргізді. Бағалау нәтижесіне сәйкес, әуежайлардың басым бөлігінде жолаушыға қызмет көрсету және багажды өңдеудің негізгі жүйесімен жарақтандыру деңгейі жеткіліксіздігі анықталды (орташа көрсеткіш – 38%). Соның салдарынан көптеген технологиялық үдеріс әлі де қолмен орындалады.

Кездесу барысында еліміздің әуежайларын озық цифрлық жүйелермен жабдықтау мәселелері қаралды. Атап айтқанда, жолаушыларды тіркеу, багажды өңдеу және есепке алу процесін автоматтандыру, жолаушылар ағынын басқару, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыру, ұшу алдындағы рәсімдерден өту уақытын қысқарту және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында заманауи биометриялық технологияны енгізу мәселелері талқыланды.

Кездесуде Астана қаласында әуежайлардың цифрлық жүйелерін орталықтандырылған басқару орталығын құруға ерекше назар аударылды. Бұл орталық негізгі процестерді нақты уақыт режимінде мониторингтеуді, үйлестіруді және жедел басқаруды қамтамасыз етеді.

Талқылауда SITA компанияcының Қазақстанда салынып жатқан үш әуежайды – Зайсан, Кендірлі және Катонқарағайдағы әуежайларды – заманауи цифрлық шешімдермен жабдықтауға қатысу мәселесі қарастырылды. Тараптар аталған әуежайларда халықаралық стандарттарға сәйкес жолаушыны тіркеу, багажды өңдеу, жолаушы ағынын басқару, биометриялық сәйкестендіру жүйесі мен басқа да цифрлық сервистерді қамтитын кешенді технологиялық шешімдерді енгізу мүмкіндігін талқылады.

Айта кетерлігі, жаһандық IT-компания SITA – авиация саласына арналған цифрлық шешімдерді әзірлеуде әлемде жетекші компанияның бірі.

Еске салсақ, Қазақстан электрондық үкімет бойынша әлемнің ең үздік 25 елінің қатарына кірді