Елордада алаяққа сенгендер 500 млн теңге шығынға ұшырады
Әйел 60-тан астам тұрғынды ипотеканы жедел рәсімдеуге, тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін байланысы екеніне сендірген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Ол таныстарын, көршілерін және бұрыннан араласатын адамдардың сенімен енген.
Прокуратураның мәліметінше, күдікті жәбірленушілердің атына несие рәсімдеткен немесе жылжымайтын мүлкін кепілге қоюға көндірген, соған берілген ақшаны иемденіп отырған. Сондай-ақ декреттік төлемді рәсімдеуге көмектесетінін айтып, пайызбен ақша алып, «үстеме пайдасымен қайтарамын» деп уәде бергенімен, оны орындамаған.
«Мәселен, сотталушы танысының екі бөлмелі пәтерін банкке 16 млн теңге көлеміндегі несиеге кепілге қоюға көндірген. Ол несиені өзі төлейтінін және үш бөлмелі пәтер сатып алуға көмектесетінін айтып уәде берген. Бастапқыда несиенің бір бөлігін төлегенімен, кейін төлемді тоқтатып, байланысқа шықпай қойған. Соның салдарынан жәбірленушіге 9 млн теңгеден астам материалдық шығын келді.
Тағы бір жағдайда әйел жәбірленушіге жұбайының декреттік төлемін көбейтіп беруге көмектесемін деген желеумен 5 млн теңгеден астам ақша алып, уәдесін орындамай кеткен», делінген хабарламада.
Күдікті жәбірленушілерге 500 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген.
Сотта оның кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынылды. Ол кінәсін ішінара мойындап, жекелеген эпизод бойынша жасаған ісіне өкініш білдірді.
Сот үкімімен әйел 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптар қанағаттандырылды.
Қала прокуратурасы аса ірі мөлшерде меншікке қарсы қылмыс жасау мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады және азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады.
Еске салсақ, Threads-те әскердегі зорлық-зомбылық туралы жалған ақпарат таратқан жігіт сотталды.