Референдум-2026

Қазақстан мен АҚШ авиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Бүгін, 10:09
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстан мен АҚШ авиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтады
Фото: Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті

Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінде Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасының (EXBS) басшылығымен және АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің өкілдерімен кездесу өтті., деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне іслтеме жасап. 

Тараптар бірлескен жұмыстың нәтижелерін қорытындылап, авиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың алдағы бағыттарын талқылады. EXBS бағдарламасы аясында Қазақстанға көрсетіліп жатқан практикалық қолдауға ерекше назар аударылды.

Ынтымақтастық жылдары EXBS қолдауымен Қазақстанның авиация саласы мамандары үшін мамандандырылған оқыту бағдарламалары мен халықаралық таныстыру сапарлары ұйымдастырылды. Сонымен қатар еліміздің әуежайларына олардың техникалық әлеуетін нығайтуға және авиациялық қауіпсіздік шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи тексеру жабдықтары берілді.

Кездесуге қатысушылар мамандарды даярлау, халықаралық тәжірибе алмасу және Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіру бағыттарындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.

Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі америкалық тарапқа тұрақты қолдауы және еліміздің авиациялық қауіпсіздік жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық курсанттар дрондарға қарсы құрылғы мен көлік тексеру жүйесін әзірлегені туралы жаздық.