Зейнетақы, жәрдемақыны ресімдеуде нені білу қажет
Әлеуметтік саланы цифрландыру мемлекеттік қызметті алу тәртібін айтарлықтай өзгертті. Бүгінде зейнетақыны, жәрдемақыны ресімдеу немесе медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жылдам жүзеге асырылады. Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Асқар Әбілдәұлының айтуынша, рәсімдердің басым бөлігі автоматтандырылған, ал бірқатар қызметтер азаматтың жеке өтінішінсіз-ақ проактивті форматта көрсетіледі.
Жарты жылда 63 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті зейнетақымен қамсыздандыру және мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау саласында 63 398 мемлекеттік қызмет көрсетті.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсетілген қызметтер саны 3,2 пайызға артты. Бұл мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларына сұраныстың тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Көрсетілген қызметтердің ең көп үлесі – 18,8 мың қызмет – зейнетақы төлемдерін тағайындауға тиесілі.
Сонымен қатар, балалы отбасыларға 24,7 мың жәрдемақы, мүгедектікке және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты 10,2 мың жәрдемақы тағайындалды. Бұдан бөлек, инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік төлеу бойынша 5 мың шешім қабылданды.
Көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың басқа да түрлері бойынша оң динамика байқалады. Көрсетілген қызметтер санының артуы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін дәлелдейді.
Медициналық-әлеуметтік сараптама цифрлық форматқа көшуде
Департамент қызметінде медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 10 467 куәландыру жүргізілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға көп. Көрсетілген қызметтердің жартысынан астамы – 51,8 пайызы – сырттай проактивті форматта көрсетілді. Бұл 46 пайызды құрайтын республикалық орташа көрсеткіштен жоғары.
Бүгінде Астана тұрғындары медициналық-әлеуметтік сараптамадан күндізгі, сырттай және сырттай проактивті форматтарда өте алады. Заманауи цифрлық шешімдерді пайдалану мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін едәуір қысқартып, олардың қолжетімділігін арттыруға және азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Астанада 42 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады
Департаменттің мәліметінше, елордада 42 816 мүгедектігі бар адам тұрады, олардың шамамен 29,9 пайызын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды.
Мамандар азаматтарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау сапасын тұрақты түрде талдап отырады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында сырттай проактивті форматта негізсіз жолдау жағдайлары өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық азайды. Бұл медициналық ұйымдар жұмысының сапасы жақсарғанын көрсетеді.
Зейнетақылар заманауи цифрлық тетіктер арқылы тағайындалады
Қазіргі уақытта Астанада 157 мыңнан астам адам зейнетақы төлемдерін алады. Мемлекеттік базалық зейнетақының мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып айқындалады. Бұл өтілге 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және осы күннен кейін міндетті зейнетақы жарналары төленген кезең кіреді.
Зейнетақы жарналары туралы барлық мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде расталады, бұл төлемдерді тағайындау рәсімін едәуір жеңілдетеді. Жасына байланысты зейнетақы ер адамдарға – 63 жасқа, әйелдерге – 61 жасқа толғанда және қажетті еңбек өтілі болған жағдайда тағайындалады.
Қызметтердің басым бөлігін мемлекеттік органдарға бармай-ақ ресімдеуге болады
Цифрландырудың басты артықшылықтарының бірі – мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету тетігінің енгізілуі.
Егер азаматтың белгілі бір жәрдемақыны алу құқығы туындаса, ақпараттық жүйе әлеуетті алушыны автоматты түрде анықтап, SMS-хабарлама жібереді. Азамат келісімін растағаннан кейін төлемді ресімдеу автоматты түрде басталады.
Мүгедектік бойынша жәрдемақыларды тағайындау кезінде жүйе қажетті мәліметтерді мемлекеттік деректер базалары арқылы өздігінен тексереді. Соның нәтижесінде қосымша құжаттарды ұсынбай-ақ шешім бір жұмыс күні ішінде қабылданады.
Сонымен қатар, көптеген мемлекеттік қызметтер eGov.kz порталы және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қолжетімді.
Бақылау жұмыстың маңызды бөлігі болып қала береді
Мемлекеттік қызметтер көрсетумен қатар Департамент заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында зейнетақы істерін тексеру барысында жалпы сомасы 2,9 млн теңгені құрайтын зейнетақы төлемдерін заңсыз тағайындаудың 22 жағдайы анықталды. Оның ішінде 2 млн теңгеден астам қаражат республикалық бюджетке қайтарылды.
Мамандар зейнетақы төлемдерін рәсімдеу кезінде тек шынайы мәліметтерді ұсыну және заңнама талаптарын сақтау қажеттілігін еске салады.
Басты міндет – азаматтарға қолайлы жағдай жасау
Бүгінде әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтер барынша қарапайым әрі қолжетімді бола түсуде. Процестерді автоматтандыру, электрондық сервистер және проактивті формат зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау мерзімін едәуір қысқартуға, әкімшілік кедергілерді жоюға және қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау мәселелері бойынша елорда тұрғындары e-Otinish ақпараттық жүйесі арқылы немесе 98-52-77, 98-74-57, 98-53-27 байланыс телефондары арқылы Департаментке жүгіне алады.