Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа қызмет етуі керек – Тоқаев
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингте Tengrinews тілшісі Айсұлтан Құлшымановтың сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
– Сіз жасанды интеллектіні Қазақстанның жаңа экономикалық моделінің негізі деп атадыңыз. Биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Межелі міндеттер орындалып жатыр ма? Цифрландыру мен жасанды интеллектінің күнделікті өмірге әсеріне қандай баға бересіз?
– Өте орынды сұрақ. Өйткені, 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллекті жылы деп жарияланды. Жолдауда осы тақырыпты қозғаймын. Біз цифрлық мемлекет құрудың, яғни цифрлық қызметтер ұсына алатын мемлекет болудың алғашқы кезеңінен өттік. Өзге елдермен салыстырғанда өміріміз әлдеқайда жеңілдеді. Мұны өздеріңіз де көріп, байқап жүрсіздер. Қазір көп шаруаны үйден шықпай-ақ шеше аласыздар. Бұрын мұның бәрін реттеуге уақыт жұмсап, табан тоздыруға тура келетін. Сондықтан цифрлық сервис көрсететін мемлекет ретінде қалыптасу қажет болды. Қазір келесі кезеңге қадам бастық. Үкіметке алғашқы сатыда қалып қоймай, халықаралық келіссөздер жүргізу жөнінде тапсырма бердім. Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа, еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон – ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес. Смартфонмен ақша табуға болады. Мәселені осылай төтесінен қойған жөн. Әсіресе, бұл шаруаларға керек. Олар ауыл-аймақтан шықпай-ақ кәсібін жүргізуге заманауи технологияны пайдалана алады. Алдағы уақытта Үкімет дәл осы міндетті орындайды, - деді Президент.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болатынын айтты.