Ақтөбеде жаңартылған теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті

Ақтөбеде жаңартылған теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті
Фото: Көлік министрлігі

Ақтөбе облысында Ақтөбе теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ресми ашылу жалпыұлттық онлайн-марафон аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңартылған вокзал кешені заманауи талаптарға сай жабдықталып, жолаушылар үшін кең әрі жайлы бола түсті. 

Ақтөбе теміржол вокзалы 1976 жылы салынған. Қайта жаңғырту нәтижесінде оның жалпы ауданы 7 377,5 шаршы метрге жетті. Вокзал кешені жертөле мен техникалық қабаттарды қоса алғанда, жалпы биіктігі 23,7 метр болатын алты қабатты ғимараттан тұрады.



Реконструкция барысында ғимараттың қасбетімен шатыры, ішкі бөлмелері мен инженерлік жүйелері жаңартылды. Сонымен қатар іргелес аумақ абаттандырылып, перрон инфрақұрылымы жаңғыртылды.



Ақтөбе вокзалы санаттан тыс вокзалға жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 4 724 адам. Станция арқылы 34 жолаушылар пойызы өтеді. Сонымен қатар вокзал Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанға қатынайтын халықаралық бағыттарға қызмет көрсетеді.