Министр: Жасөспірімдеріміздің дзюдодан әлем чемпионатындағы нәтижесі - тарихи жетістік
Жасөспірімдеріміздің дзюдодан әлем чемпионатындағы нәтижесі - шын мәнінде тарихи жетістік. 18 жасқа дейінгі спортшыларымыз 10 медаль жеңіп алды: 3 алтын, 3 күміс және 4 қола. Қазақстан бұған дейін мұндай нәтижеге қол жеткізген емес. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрлікке сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, ұлдар құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орынға, қыздар құрамасы екінші орынға ие болды. Фатима Супығалиева жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық дзюдошы қыз болды.
«Париж Олимпиадасынан кейін біз спортшыларды даярлау жүйесінің өзін қайта қарауға кірістік. Федерациялармен бірлесіп, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ұлттық құрама бірыңғай әдістеме аясында жұмыс істейтін модельді енгізіп жатырмыз. Яғни спортшы бір жас санатынан екіншісіне өткен кезде, дайындықты мүлде басқа жүйе бойынша қайта бастамайды. Мұнда сабақтастық, бірыңғай талаптар, талдау және спортшының дамуының нақты траекториясы қалыптасқан.
Дзюдода бұл жұмыс Қазақстан дзюдо федерациясымен және «Жеңіс» клубымен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Отандық жаттықтырушылар шетелдік озық мамандармен, оның ішінде Эцио Гамба командасымен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл жерде әңгіме тек танымал шетелдік жаттықтырушыны шақыру туралы емес. Оның негізінде нақты әдістеме жатыр: жаттығу процесін ғылыми талдау, функционалдық диагностика, жүктемені жекелей бейімдеу, қалпына келтіру, спорттық медицина және әр спортшының даму динамикасын тұрақты бақылау», - деді Ербол Мырзабосынов.
Оның айтуынша, осындай модельді бүгінде Министрлік басқа федерацияларға да жүйелі түрде енгізуді ұсынып отыр. Соның бірі - семсерлесу, бокс және күрес. Бұл спорт түрлерінде де үздік шетелдік мамандарды тарта отырып, заманауи дайындық әдістемелерін қолдануға негізделген жүйелі жұмыс жолға қойылып жатыр.
«Бүгінгі негізгі ұстанымымыз қарапайым: заманауи спорттағы нәтиже тек жекелеген спортшының немесе жаттықтырушының талантына ғана тәуелді болмауы керек. Нәтиженің артында жүйе тұруы қажет. Бүгінде дзюдо осы модельдің жұмыс істейтінін көрсетіп отыр», - деді Ербол Мырзабосынов.
Еске сала кетсек, Ғабит Расулхан дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды.