СҚО-да мүгедектігі бар балаларды сүйемелдеудің жаңа тәсілі енгізіледі
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алып жүрген мүгедектігі бар балаларды сүйемелдеудің жаңа жобасын іске қосады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Енді балаларға үйде көрсетілетін үйреншікті әлеуметтік қызметтермен қатар, бейінді мамандардың қашықтан көмегі де ұсынылады. Бұл тәсіл балалар мен олардың отбасыларына қажетті көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Әсіресе аудан орталығынан немесе облыс орталығынан шалғай елді мекендерде тұратын отбасылар үшін мұндай қолдау маңызды болмақ.
«Жобаның алғашқы кезеңінде мүгедектігі бар 180 балаға дейін қамту жоспарланып отыр. Қатысу ерікті түрде жүзеге асырылады. Ол үшін баланың заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет. Барлық балаға бірдей тәсіл қолданылмайды. Әр баланың жағдайы жеке бағаланып, қажетті көмектің түрі мен көлемі соған қарай белгіленеді», - делінген хабарламада.
Әлеуметтік қызметкер алдымен балаға қандай көмек қажет екенін анықтайды. Одан кейін бейінді мамандармен бірге отбасыға көрсетілетін көмектің түрі мен тәртібін белгілейді. Қай маманның қашан кеңес беретіні, балаға қандай тапсырмалар берілетіні және қандай ұсыныстар жасалатыны да осы жоспарға енгізіледі.
Баланың жағдайына қарай сүйемелдеуге логопед, психолог, дене медицинасы және оңалту дәрігері, оңалту маманы, әлеуметтік оңалту маманы және басқа да қажетті бейінді мамандар тартылады. Осылайша әр баланың нақты қажеттілігіне қарай бірнеше маманның көмегін қамтитын кешенді қолдау көрсетіледі.
Еске салайық, бұған дейін елордада инклюзия мен әлеуметтік қорғауды дамыту мәселелері талқыланғаны туралы жаздық.