Елордадағы сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы: Мұнда ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін барлық мүмкіндік жасалған
№9 сайлау учаскесінде ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін барлық мүмкіндік жасалған. Аталған учаскедегі комиссия төрағасы Айгүл Құсайынова осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Сайлау учаскесінде барлық азаматтың дауыс беруіне тең мүмкіндік жасалған. Әсіресе ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кіреберісте пандус, арнайы тұтқалар және тактильді жолақтар қарастырылған. Бұл сайлаушының учаскеге өздігінен әрі қауіпсіз кіруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, учаскеде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы дауыс беру орны жабдықталған. Мұнда компьютер және қажетті техникалық құралдар бар», – деді комиссия төрағасы Айгүл Құсайынова.

Оның айтуынша, азамат өзінің таңдауын еркін әрі құпия түрде жасай алады.
«Арнайы шақыру батырмасы да сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін қойылған. Егер азаматқа учаскеге кіруде немесе дауыс беру барысында көмек қажет болса, батырманы басу арқылы учаске қызметкерлерін шақыра алады. Біздің басты мақсатымыз - әрбір азаматтың сайлау құқығын ешқандай кедергісіз жүзеге асыруына жағдай жасау. Сондықтан сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктері де ескеріліп, барлық жағдай жасалған», - Айгүл Құсайынова.
Еске салсақ, Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев бірнеше дауыс беру учаскесін аралап шыққанын, онда мүгедектігі бар жандарға барлық қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
