Елордада Еңбек күніне орай ауқымды форум өтеді
Қазақстанда жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні мейрамы аталып өтеді. Биыл осы мерекеге орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп форум өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Еңбек күні – елдің дамуына үлес қосып жүрген әр маманның кәсіби қызметін бағалап, адал жұмыс пен шеберліктің маңызын дәріптейтін күн.
Былтыр Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» бұл бағыттағы бастамаларға жаңа серпін берді. Осы кезеңде жастардың кәсіби бағдарын күшейтуге, қажетті дағдыларды меңгеруіне жағдай жасауға және білікті мамандардың еңбегін лайықты бағалауға ерекше мән берілді.
Биыл да жұмыс жалғасып жатыр. Еңбек күнін атап өту аясындағы негізгі шаралардың бірі форум болмақ. Іс-шара барысында республикалық «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары марапатталып, жұмысшы мамандықтардың өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталады.
«Еңбек жолы» республикалық байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Оның мақсаты – еңбекті бағалау, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, аға буынның тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу және өз ісіне адал азаматтарды көпшілікке үлгі ету.
Байқау үш номинация бойынша өткізіледі:
«Үздік еңбек әулеті» – кәсіби дәстүрін бірнеше ұрпақ бойы жалғастырып келе жатқан отбасылар арасында өтетін байқау. Қатысушы әулет кемінде үш буыннан тұрып, бір кәсіпорындағы жалпы өтілі 20 жылдан кем болмауға тиіс.
«Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» – кәсіби білімі мен тәжірибесін жас мамандарға үйретіп жүрген тәжірибелі қызметкерлерге арналған. Байқауға қатысу үшін маманның еңбек өтілі кемінде 20 жыл болуы қажет.
«Үздік жас жұмысшы» – өз ісін жақсы меңгерген, белсенділігімен және жақсы нәтижесімен ерекшеленіп жүрген жас мамандар арасында өткізіледі. Қатысушының еңбек өтілі 5 жылдан аспауы керек.
Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша әр номинацияда үздіктер анықталады. Олардың еңбек жолы кәсіби шеберліктің, өз ісіне жауапкершіліктің және ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі болмақ.
«Еңбек жолы» – күн сайынғы маңдай терімен елдің бүгінін қалыптастырып, болашағына үлес қосып жүрген адамдардың тарихы. Ал форум осындай жандарды көпшілікке таныстырып, олардың өмірі мен тәжірибесін жастарға үлгі етуге мүмкіндік береді.