Астананың барлық 446 сайлау учаскесінде денсаулық жағдайына қарамастан әр азаматтың өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырып, мәслихат депутаттарын сайлауға қатысуы үшін қажетті жағдайлар жасалған, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мүмкіндігі шектеулі және жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін дауыс берудің бірнеше қолайлы форматы қарастырылған. Сайлау учаскелерінде пандустар, тактильді көрсеткіштер және мүгедектер арбасын пайдаланатын азаматтарға бейімделген құпия дауыс беру кабиналары орнатылған. Көру қабілеті бұзылған сайлаушыларға арнайы трафареттер ұсынылады. Сонымен қатар сурдоаудармашылар қызмет көрсетеді.
Сайлау учаскелерінде азаматтарға бағыт-бағдар беріп, қажетті көмек көрсетуге дайын еріктілер кезекшілік етеді. Сондай-ақ сайлау күні қалада сайлаушыларды дауыс беру орнына жеткізу және кері алып қайту үшін инватакси қызметі ұйымдастырылған.
Сайлау процесінде инклюзивтілікті қамтамасыз ету және барлық азаматқа тең мүмкіндік жасау елордадағы сайлауды өткізудің негізгі басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Еске сала кетсек, Астанада 18 жастағы жастар алғаш рет дауыс берді.