Астанада Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру аяқталды

Бүгін, 20:00
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру аяқталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бүгін, 23 тамызда, еліміз бойынша сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Орталық сайлау комиссиясының сағат 20:00-дегі мәліметі бойынша Астана қаласындағы сайлаушылардың 51,67 пайызы дауыс берді.

Елордада сайлауды өткізуге 524 сайлау комиссиясы жұмылдырылды, олардың құрамына 4 263 сайлау комиссиясының мүшесі бар. 520 сайлау учаскесінің 117-сі уақытша сайлау учаскесі.

Елорда тұрғындарының сайлаудағы дауыс беру белсенділігі жоғары болды.

Күн бойы Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың белсенділігі туралы мәліметтерді жариялап отырды.

Дауыс беруге мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, спортшылар және басқа да белгілі қазақстандықтар қатысты. Атап айтқанда, өз таңдауын алғашқылардың бірі болып Үкімет мүшелері жасады. Сондай-ақ дауыс беруге Олимпиада чемпиондары мен шығармашылық саланың өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын сайлау күні сайлау учаскесінде дауыс беріп, кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді.

Астанадағы сайлау учаскелерінде күні бойы түрлі іс-шаралар да ұйымдастырылды. Сайлауға алғаш рет қатысқан 18 жастағы елордалықтарға, сондай-ақ учаскелерге алғашқылардың бірі болып келген сайлаушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Елордадағы сайлау учаскелерінде кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Мүгедектігі бар азаматтар мен жүріп-тұруы қиын адамдардың дауыс беруге еш кедергісіз қатысуы үшін қажетті жағдайлар жасалды.

Сайлау күні ерекше оқиғаларымен де есте қалды. Учаскелердің бірінде робот-итпен келген сайлаушы қала тұрғындарының назарын аударды. Басқа учаскелерде чемоданмен келген қыз, тікелей жұмыс нысанынан келген елордалық құрылысшылар, академиялық мантия киген студент, сондай-ақ роликпен келген Агамемнон дауыс берді.

Дауыс беру барысын қазақстандық және халықаралық байқаушылар бақылап отырды. Күні бойы шетелдік байқаушылар өздері барған учаскелердегі сайлау процесінің ұйымдастырылуына баға беріп, белгіленген рәсімдердің сақталғанын атап өтті.

Учаскелер жабылғаннан кейін дауыстарды санау басталады. Сайлау қорытындылары туралы ақпарат олар ресми түрде жарияланғаннан кейін беріледі.