Нұрсұлтан Шоқанов Қазақстан Халық партиясына дауыс берген барша азаматқа алғыс білдірді
Қазақстанның Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов Құрылтай депутаттарын сайлау қорытындысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихында жаңа Конституцияға сәйкес алғаш рет өтіп отырған маңызды саяси оқиға.
Бұл сайлау – қатардағы саяси науқан емес. Жаңа Құрылтайдың қалыптасуымен Президент бастамашы болған ұлттық жаңғырудың жаңа кезеңі басталады. Дауыс беруге келіп, сайлауға белсенді қатысқан әрбір азаматқа алғысымды білдіремін. Сіздердің азаматтық ұстанымдарыңыз бен елдің болашағына бейжай қарамауларыңыз – қоғамның саяси мәдениетінің көрсеткіші. Қазақстанның Халық партиясына дауыс берген әрбір азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін.
Алдын ала экзитпол нәтижелеріне сәйкес, бізге сайлаушылардың кемінде 3 пайызы дауыс берген. Алайда бұл әлі түпкілікті көрсеткіш емес. Сіздердің сенімдеріңізді біз үлкен жауапкершілік әрі алдымызға қойылған маңызды міндет деп қабылдаймыз. Халқымыздың үмітін ақтау үшін бар күшімізді саламыз. Біз белсенді әрі сапалық тұрғыдан жаңа сайлау науқанынан өттік. Партиялар төрт бірдей республикалық телеарнада тікелей эфирде бетпе-бет пікірталас өткізді. Миллиондаған қазақстандық шынайы, алдын ала өңделмеген пікірталасты көріп, тараптардың нақты ұстанымдарымен танысты.
Сайлау науқаны барысында жүздеген халықаралық және мыңдаған қазақстандық байқаушы жұмыс істеді. Бұл – сайлау үдерісінің ашықтығын көрсетеді, - деді ол.
Ол сондай-ақ Президент жүргізіп отырған реформалар партияның идеологиясымен үндес екенін атап өтті.
Біз өз рөлімізді осы реформаларды жүзеге асыруда сенімді серіктес болудан көреміз. Құрылтайдың жұмысын бастауы еліміздің жаңарған саяси институттарын қалыптастыруға жол ашады. Сайлау қорытындысынан барлық қазақстандық пен тұтас ел ұтады. Барлық кандидаттар мен партияларға бәсекелі әрі мазмұнды сайлау науқаны үшін алғыс айтамын. Бұл – саяси жүйеміздің кемелденіп келе жатқанының белгісі.
Қазақстанның Халық партиясы бүгінгі дауыс беру қорытындысын объективті деп мойындайды және басқа партиялардың өкілдерімен бірлесіп сындарлы жұмыс жүргізуге дайын екенін мәлімдейді.
Біздің басты мақсатымыз – әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын арттыру, Әділетті Қазақстанның сенімді дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Рахмет сіздерге, - деді Нұрсұлтан Шоқанов.