Елордалық танымал спортшылар Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді

Елордалық танымал спортшылар Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді

Елордалық танымал спортшылар Құрылтай депутаттарының сайлауында өз сайлау учаскелеріне барып, таңдауын жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz

2016 жылғы Олимпиада ойындарының бокстан күміс жүлдегері және Астана қалалық дене шынықтыру және спорт департаментінің басшысы Василий Левит Құрылтай сайлауында дауыс берді. Ол сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады, елдің азаматтық өміріне азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін мен өз таңдауымды жасадым. Дауыс беру әрбір азаматтың құқығы ғана емес, сонымен қатар міндеті деп санаймын. Спорт бізге әрқашан тәртіпті, жауапкершілікті және нәтижеге ұмтылуды үйретеді. Бұл қасиеттер қоғамдық өмірде де маңызды», - деп атап өтті Василий Левит.

Ал, қазақ күресі мен дзюдодан Қазақстан чемпионы Жасұлан Қалқабаев Ақмола облысы Шортанды ауданы Степное ауылындағы №709 сайлау учаскесінде дауыс берді. Елордалық спортшы дзюдодан Түркі универсиадасының жеңімпазы, қазақ күресінен Азия кубогының қола жүлдегері.

Спортшы азаматтық ұстанымын білдіре отырып, барша қазақстандықтарды қоғамдық өмірге белсенді араласуға және ел тағдырына бей-жай қарамауға шақырды.

«Бүгін мен өз таңдауымды жасадым. Сіздерді де қоғамдық өмірде белсенді болуға, ел тағдырына бейжай қарамауға шақырамын. Бүгінгі сайлауда өз таңдауыңызды жасап, дауыс беруге шақырамын. Ел болашағын дамытуға бірге атсалысайық. Болашақ — жастардың қолында!» — деді Жасұлан Қалқабаев.

Көркем гимнастикадан еңбек сіңірген жаттықтырушы Меруерт Балғынбаева Құрылтай сайлауында дауыс берді. Ол Астанадағы №1 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы.

Меруерт Балғынбаеваның қазақстандық көркем гимнастиканы дамытуға қосқан үлесі зор. Ол елімізде алғаш рет екі дүркін әлем чемпионын, сондай-ақ Азия чемпиондарын дайындады. Оның шәкірттері Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетіп, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүр.

Құрылтай сайлауында дауыс берген Меруерт Балғынбаева азаматтық жауапкершілік пен әр адамның ел өміріне белсенді араласуының маңыздылығын атап өтті.

«Мен үшін Құрылтай сайлауына қатысу — азаматтық ұстанымымды білдіріп, өз таңдауымды жасау мүмкіндігі. Жаттықтырушы ретінде күн сайын жас спортшылармен жұмыс істеймін және тек чемпиондарды ғана емес, жауапкершілігі жоғары, мақсатшыл азаматтарды тәрбиелеудің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Әрқайсымыздың қосқан үлесіміз маңызды екеніне сенемін», - деді Меруерт Балғынбаева.

Бүгін Қосшы қаласындағы №750 сайлау учаскесінде ұлттық құраманың мүшесі, каратэден спорт шебері Мәлика Әбжанова дауыс беріп, азаматтық ұстанымын білдірді. Ел намысын халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген спортшы сайлау учаскесіне өзінің спорттық жетістіктерінің айғағы саналатын медальдарын тағып келді.

Мәлика Әбжанова — WKF каратэсінен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, қара белбеу иегері (1-дан). Ол — Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2025 жылғы Орталық Азия чемпионы, 2025 жылғы ТМД елдері ойындарының қола жүлдегері, 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Сондай-ақ шотокан каратэсінен әлем чемпионы және бірқатар халықаралық турнирдің жеңімпазы.

Дауыс бергеннен кейін спортшы сайлау учаскесінде түсірілген суреттерін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап:

«Еліміздің болашағын біз таңдаймыз!» — деп жазба қалдырды.

Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан еркін күрестен тәжірибелі бапкер Дархан Бейсенов Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады.

Дархан Бейсенов — жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлап, елімізде еркін күрестің дамуына елеулі үлес қосып жүрген білікті маман. Оның шәкірттері республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап келеді.

«Таңмен таласып, Құрылтай сайлауына қатысу үшін өз сайлау учаскеме келдім. Сіздерді де бұл сайлауға бейжай қарамай, Қазақстан Республикасының және өз болашақтарыңыз үшін азаматтық таңдау жасауға шақырамын», — деді Дархан Бейсенов.

Бапкердің айтуынша, сайлауға қатысып, ел болашағына қатысты өз таңдауын жасау — әр азаматтың жауапкершілігі. Ол ел өміріндегі маңызды үдерістерге белсенді қатысудың маңызын атап өтті.