«Дауыс» байқаушылар коалициясы: Сайлау учаскелерінде өрескел заң бұзушылық тіркелмеді

«Дауыс» байқаушылар коалициясы: Сайлау учаскелерінде өрескел заң бұзушылық тіркелмеді
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Құрылтай депутаттарын сайлауды бақылауға 197 үкіметтік емес ұйым мен белсенділер қатысты. Олар бір ай бойы ҚР сайлау туралы заңнамасын толық меңгеріп, халықаралық байқау стандарттарын зерделеді. «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы 25 мыңға жуық маман дайындаған. Олар таңғы сағат 6.00-ден бастап ел қалалары, аудандары мен ауылдарында 9 779 ашық сайлау учаскелерінде жұмыс атқарды. Бұны «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының төрағасы Төлеген Күнәділов онлайн телемарафон аясында өткен ОКҚ брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Біздің ахуалдық орталықтар үздіксіз жұмыс істеп тұр. Оған үнемі жергілікті байқаушыларымыздан ақпарат түсіп жатыр. Ол ақпарат өңделіп, тексеріліп, жүйеленіп жатыр. Қазір сол мәліметтер бойынша әрбір сайлау учаскесіндегі жағдай қалыпты. Дауыс беру өтіп жатыр. Комиссия мүшелерінің белгіленген тәртіп бойынша атқарылып жатыр. Азаматтардан осы науқанның әділ әрі ашық өтуіне күмән келтіретін қандай да бір заң бұзушылық не болмаса арнайы көңіл бөлетін жайт орын алған жоқ. Біздің байқаушыларымыз дауыс учаскелері жабылғаннан кейін санақ жүргізу үрдістерін толық байқап, өзінің хаттамасын бізге береді. Соларды қорытындылап, осы науқанға қоғамдық ұйым ретінде бағамызды беретін боламыз. Халықтың саны көп, көңіл-күйі көтеріңкі»,- деді спикер.

Еске салсақ, Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейісов Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс беру процесі тыныш жағдайда өткенін, сайлауға қатысты өтініштер мен талап-арыздар келіп түспегенін мәлімдеді.