Елордада ерекше қажеттіліктері бар адамдарға дауыс беру үшін жағдай жасалған
Астанадағы №315 сайлау учаскесінде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қажетті барлық жағдай жасалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мүмкіндігі шектеулі дауыс беруші учаскеге келген соң, сырттағы арнайы батырманы басады. Сол кезде іштен волонтер шығып, азаматты лифт арқылы көтерілуіне және ішке кіруіне көмектеседі.
«Учаскеде қозғалысы шектеулі азаматтарға арналған көтергіш бар. Арнайы батырманы басқан кезде волонтер келіп, азаматты лифт арқылы көтерілуіне көмектеседі. Пандустар белгіленген стандарттарға сай. Сондай-ақ, кіреберісте табалдырықтан өтуге арналған жылжымалы пандус та бар.
Ғимаратта көру қабілеті нашар азаматтар үшін тактильді жолақтар орнатылған. Сонымен қатар, арнайы компьютер дайындалды. Онда Құрылтай сайлауы, дауыс беру туралы барлық керекті ақпарат берілген. Келуші қажетінше құлаққап арқылы аудио немесе бейнематериалдарды көруіне болады.
Сондай-ақ жасырын дауыс беру бөлмесінде дауыс беруге арналған лупа, Брайль қарпі және қосымша жарықтандыру құрылғысы бар. Егер мүмкіндігі шектеулі азаматтың жеке көмекшісі болмаса, оған волонтер көмектеседі», - деді №315 сайлау учаскесінің өкілі.
Еске салайық, бұған дейін халықаралық байқаушылардың сайлауда мүгедектігі бар жандарға барлық қолайлы жағдай жасалғаны туралы айтқанын жаздық.