Лоббизм туралы заңды қабылдайтын уақыт келген сияқты – депутат
Біз партиялар олигархтардың ойыншығы болғанын қаламаймыз. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың архитектурасы» сарапшылар алаңында дәл осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz Kazinform.kz-ке сілтеме жасап.
«Біз Конституция бойынша партияларды шетелден қаржыландыруға тыйым салып отырмыз. Ал ішкі қаржыландыру қандай болуы керек? Мысалы, мемлекеттік қызметтердің ішінде «Аманат» партиясының нақты тетігі бар – ай сайын жарғылық төлемдерді жасап отырамыз. Болашақта жеті партияның да сондай мүмкіндігі болуы керек сияқты. Қай партия өз мүшелерінің саналы, толыққанды таңдауына сәйкес төлем жасау мәдениетін қалыптастыра алады? Партия дегеніміз – саяси әрі өмірлік таңдау», - деді ол.
Мәжілісмен партияларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру да маңызды екенін атап өтті.
«Біз партиялардың белгілі бір алаяқтардың, қаржылық топтардың, олигархтардың ойыншығына айналғанын қаламаймыз. Қазір бюджеттен қаржы Мәжіліске өткен партияларға ғана төленеді. Ал ауыл әкімдерінің, аудандық мәслихаттардың қызметі аз ба? Егер белгілі бір коэффициенттер арқылы саяси партияларды барлық деңгейдегі сайланбалы орындарға қатысқаны үшін мемлекеттік бюджеттен қаржыландырып отырса, партиялардың әр орынға таласу мүмкіндігі артар еді. Оған қоса, әр партия облыста, ауданда, ауылда «біздің азаматымыз бар» деп сақадай сай отыруы керек», - деді Айдос Сарым.
Депутат лоббизм туралы жаңа заң енгізу керектігін айтты.
«Тағы бір маңызды мәселе — лоббизм туралы заң. Бұған дейін төрт мәрте Парламентке енгізіліп, кейін Үкімет тарапынан кері шақырылып алынды. Енді бұл заңды қабылдайтын уақыт келген сияқты. Лоббизммен кім айналыса алады? Оның заңды шеңбері, шарттары, ережесі қандай? Мұның бәрі бекітілуі керек. Сонда партиялардың демеушілері кім, не үшін ақша беріп отыр деген сұрақтарға нақты жауап бере аламыз», - деді мәжілісмен.
Айдос Сарымның пікірінше, Қазақстанның барлық саласында бәсекелестік тудыру – партияның міндеті.
«Мысалы, денсаулық сақтау саласында кім беделді? Кімнің идеясы жақсы? Кім талас-тартыста жеңіп жатыр? Осындай ашық бәсеке арқылы жаңа саяси мәдениет қалыптасады. Біз жабық бөлмелерде келіссөз жүргізгеннен гөрі, қоғам алдына шығып, ашық талқылап, меморандум деңгейіндегі құжаттар жасап, бекітуіміз керек. Бұл – жаңа саяси мәдениет», - деді ол.
Спикер партиялық жүйеге деген сенімнің маңызын атап өтті.
«Қазір кейбір заңдардың қабылдануында субъективті факторлар бар. «Бұл адамның бэкграунды мынадай, ол былай дауыс беруі мүмкін» деген есептер жасалады. Ал шын мәнінде біз партиялық жүйеге сенуіміз керек: фракциялық, солидарлық дауыс беру, принциптік ұстаным. Мәселе біреуді сатып алды немесе біреуді бұрып кетті дегенде емес. Мәселе – партиялардың идеологиялық және саяси ұстанымдарының жиынтығында. Оны есептейтін Парламент не Президент әкімшілігі емес, қоғамның өзі сезінуі тиіс. Осы арқылы көптеген үдерістерді алға жылжытуға болады», - деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.