Түркістандық диқандар 45 күнде қырыққабаттың алғашқы өнімін жинай бастады
Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал аудандарының диқандары қырыққабаттың алғашқы өнімін жинай бастады. Шаруалар суармалы суды уақытылы жеткізгені үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне алғыс білдіріп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Биыл қырыққабаттың алғашқы өнімі 45 күнде пісіп-жетілді. Қазіргі уақытта жергілікті шаруалар жиналған өнімді сатуға шығаруға дайындап жатыр.
«Биыл шамамен 10 гектар жерге егін ектік. Қырыққабат пен қауын өсіріп жатырмыз. Тәжірибе ретінде 4 гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесін орнаттық. Өнім жақсы. Сол себепті су үнемдеу жүйелерін алдағы уақытта да енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ субсидия алуға өтініш беремін. Биыл «Қазсушармен» келісімшарт жасадық, соның арқасында су уақытылы келіп жатыр», - деді Жетісай ауданының диқаны Ермахан Тасов.
Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы облыс пен Шымкент қаласындағы 330 мың гектардан астам суармалы жерге су жеткізеді. Оның 60 мың гектарға жуығы бау-бақша алқабы.
Еске сала кетейік, шаруаларды заманауи суару жүйелеріне көшіруді ынталандыру мақсатында министрлік ұңғыма бұрғылау, инфрақұрылым тарту және су үнемдеу жабдықтарын сатып алуға жұмсалатын шығындарды өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Сонымен қатар суармалы суға сараланған тариф енгізілді: су үнемдеу технологияларын пайдаланатын шаруалар үшін суармалы су құнын субсидиялау көлемі 60%-дан 85%-ға дейін артты.
Еске сала кетейік, Түркістан облысына Шу өзені арқылы 1 млрд текше метрге жуық су жіберілді.