Министрлік америкалық блогерді ведомство арнайы шақырды деген ақпаратты жоққа шығарды

Бүгін, 13:28
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Министрлік америкалық блогерді ведомство арнайы шақырды деген ақпаратты жоққа шығарды
Фото: Pixabay.com

Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде америкалық танымал тревел-блогер Коннордың (@Camperghini) Қазақстан шекарасындағы қабылдауға көңілі толмағаны туралы ақпарат қызу талқыға түсті. Әлемді шарлап жүрген саяхатшы «ресми шақырту алсам да, мені ешкім қарсы алмады» деп өкпесін білдірген еді. Алайда ҚР Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетіне сілтеме жасап. 

«Министрлік шетелдік блогерлерді, туристік қауымдастықтар мен компанияларды топтық ақпараттық турлар аясында шақыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді. Ведомство қызметінде жекелеген жеке тұлғаларды шақыру қарастырылмаған. Ресми түрде жеке өтініштер түскен жағдайда министрлік жан-жақты қолдау көрсетеді. Алайда аталған блогерден министрлікке ешқандай өтініш келіп түспеген», - делінген хабарламада. 

Сонымен қатар Kazakh Tourism ұлттық компаниясы атынан блогермен жеке хат алмасу болғанын хабарлайды. Компания мәліметі бойынша, екіжақты келіссөздер нақты келісімге жетпей аяқталған.

Бұған қоса Kazakh Tourism ұлттық компаниясы өз тарапынан еліміздің туристік әлеуетімен танысу үшін ақпараттық қолдау көрсетуге және қажетті мәліметтер ұсынуға дайын екенін айтты.