00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстан Президентінің атына Республика күніне орай келіп түскен құттықтау жеделхаттары келіп жатыр

25 қазан, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Қазақстан Президентінің атына Республика күніне орай келіп түскен құттықтау жеделхаттары келіп жатыр
фото: www.akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұлттық мереке – Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп жатыр. Бұл туралы Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин жеделхатында екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында табысты дамып жатқанына, сондай-ақ Мәскеу мен Астана түрлі көпжақты құрылымдар аясында белсенді байланыс орнатқанына тоқталды.

«Бірлескен күш-жігеріміз арқылы халықтарымыздың игілігі және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытын одан әрі жандандыра түсетінімізге сенімдімін», – деп жазды Владимир Путин.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанның өңірлік және халықаралық деңгейде ықпалы арта түскенін атап өтіп, бұл жетістіктерге тату көрші, жан-жақты стратегиялық серіктес ретінде өз халқының шынайы қуанатынын айтты.

«Екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі ілгерілету және ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру үшін Сізбен күш-жігер біріктіруге дайынмын», – деп жазылған ҚХР Төрағасының жеделхатында.

Америка Құрама Штаттарының Президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына жолдаған құттықтау жеделхатында елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік тәуелсіздік, аумақтық тұтастық сияқты Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттарына негізделгеніне назар аударған.

«Аталған қағидаттарды берік ұстанған Қазақстанмен қауіпсіздік, экономика және экология мәселелерін шешу жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделіміз», – деп жазды Джозеф Байден.

Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Королі III Чарльз Қазақстанмен ықпалдастықты жоғары бағалап, елдеріміз бейбітшілік, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі сияқты жаһандық маңызды мәселелер бойынша орнатқан тығыз байланысты жалғастыратынына сенім білдірді.