31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні


Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген болатын, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар. Саяси құрбандар лагерьлерге жіберіліп отырды. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері де Ақмола облысында орналасқан «АЛЖИР» лагерінде азапталды.
Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл Кеңес Одағы территориясында 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері болды.
Тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың күнәсіз азап шеккен отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты.
1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданған болатын. Соның нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандар ақталды.
Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылдың 24 қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Комиссия құрылып, 2021-2023 жылдары жұмыс жасады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз», - деген болатын.
Қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау шаралары әлі де жалғасады.