Қарағандыда тағы бір қаржы пирамидасы әшкереленді


Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Sincere Systems Group қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және басқару дерегі бойынша соталды тергеуді аяқтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл қаржы схемасы шетелдік инвестициялық компания ретінде көрсетілген. Азаматтарға жоғары табыс әкелетін жобаларға инвестиция құю, сонымен қатар медициналық каннабис өсіру мен сату ұсынылған. Алаяқтық әрекетті заңды әрі ашық етіп көрсету үшін жеке кабинеттері бар арнайы сайт әзірленген.
Қолданушылар өз шоттарын SWP және SWCT ішкі токендерімен толықтырып, оларды фиат ақшасына айырбастай алған. Алайда күдіктілер салымшылардың қаражатын өз қажетіне жаратқан. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 52 млн теңгеден асты. Сот санкциясымен күдіктілердің Астана және Теміртау қалаларында орналасқан жалпы құны 76 миллион теңге болатын жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды, - деп жазылған хабарламада.
Күдіктілерге үй қамаққа алу және елден шықпау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.



