Астанада ашық аспан астында ауқымды жастар фестивалі өтеді

6 тамыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада ашық аспан астында ауқымды жастар фестивалі өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанадағы Амфитеатрда 12 тамыз күні сағат 18:00-де Халықаралық жастар күніне орай ашық аспан астында ауқымды JASTAR FEST жастар фестивалі өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Фестивальді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырады.

Іс-шараның мақсаты – жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, тәжірибе алмасу алаңын құру, суицидтің алдын алу, бос уақытты тиімді ұйымдастыру, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру, заң мен тәртіпке құрмет көрсету, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұмысшы кәсіптерді насихаттау, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасын ілгерілету арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Фестиваль аясында түрлі салада табысқа жеткен танымал спикерлер өздерінің кәсіби тәжірибесімен, мотивациялық оқиғаларымен және өзін-өзі дамытуға қатысты пайдалы кеңестерімен бөліседі.

Қатысушылар лидерлік, медиа, технология, өнер және әлеуметтік жобалар тақырыптарында маңызды әрі шабыт беретін ақпарат ала алады.

Кештің қонақтары – жастар арасында танымал отандық эстрада жұлдыздары: Ersultan Omar, Madeniyett, Серик Гамза-заде, Bonapart, Baxa, Rick, ал кештің басты хедлайнері Қазыбек Құрайыш болады.

Фестивальдің жүргізушілері – республикаға танымал Бексұлтан Әкімжан және Ирина Тен.

Айта кетейік, JASTAR FEST фестивалі қала тұрғындары мен қонақтары үшін тегін өтеді.