Жамбыл облысында жаңа су қоймасы салынады
Су қоймасының құрылысы Байзақ пен Таластың су тапшылығы мәселесін шешуі тиіс, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінt сілтеме жасап.
Аталған жоба алғаш рет 2020 жылы талқыланған. Сол кезде облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Талас пен Байзақ аудандарының шекарасында сыйымдылығы 11 миллион текше метр су қоймасын салу жоспарланғанын хабарлаған еді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Ислам Даму Банкімен ынтымақтастық аясында Жамбыл облысында жаңа су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 76 канал мен жұмыс істеп тұрған 1 су қоймасы жөнделеді.
Байзақ ауданында - 18 канал, Талас ауданында – 1 канал, Сарысу ауданында – 11 канал, Меркі ауданында – 1 канал, Шу ауданында – 45 канал қалпына келтіріледі. Ал, Қордай ауданындағы Қарақоңыз су қоймасына реконструкция жасалады. Байзақ ауданында жаңадан «Ақмола» су қоймасы салынады.
Министрліктің мәліметінше, су қоймаларын реконструкциялау және салу 9300 гектар жерге су беру сапасын жақсартады. Ал, 76 каналды жөндеу облыстағы 24,7 мың гектар егіс алқабын сумен жабдықтауды жақсартады.
«Сонымен қатар, биыл өңірде ұзындығы 67 шақырым болатын 7 каналдың учаскелерін жөндеу жоспарланып отыр. Былтыр 69 шақырым канал жөндеуден өтті. Бұл 13 мың гектар егіс алқабын суармалы сумен қамту сапасын жақсартады», дейді су шаруашылығы нысандарын дамыту департаментінің басшысы Құдайберген Қорғанбаев.