Елімізде «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданады


Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданады. Қазіргі уақытта бағдарламаның жобасы әзірленіп жатыр. Ол балалардың мүддесін жан-жақты ескеретін 7 стратегиялық бағытты қамтиды. Атап айтқанда, отбасы, білім беру, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қорғау, құқықтық қорғау, қауіпсіз орта құру, бос уақытын ұйымдастыру және спорт»,- деді Ғани Бейсембаев.
Сонымен қатар министр білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында 11 800-ге жуық білім беру ұйымы қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілуі тиіс екенін айтты.
«Бүгінгі күні республика бойынша мемлекеттік және жеке білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандырудың орташа көрсеткіші келесідей: білім беру ұйымдарының 98 пайызында турникеттер бар, 96 пайызында дабыл түймесі орнатылған. Полицияның жедел басқару орталықтарына 81 пайызы қосылған, 97 пайызы лицензияланған күзетпен шарт жасалған. Биыл күзетшілерге қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді»,- деді ол.



