Жалған дипломдарды анықтау мақсатында 1991 жылдан бері берілген дипломдардың деректер базасы құрылады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Дипломдар бірегей нөмірлер мен QR-кодтар беру жолымен қалыптастырылады. Жүйеге тек ресми түрде тіркелген университет қызметкерлері ғана кіре алады.
«Дипломдарды генерациялау «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» (ЖББП) ақпараттық жүйесіндегі білім алушылар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады. Егер білім алушы туралы ақпарат ЖББП-да болмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес», - деп жазылған хабарламада.
Дипломда бірегей нөмір мен QR-код болмаған жағдайда құжат жарамсыз деп танылады.
Сонымен қатар ведомство Ішкі істер министрлігімен бірге жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін тұрақты түрде бақылап отырады. Осы уақытқа дейін 46 жалған диплом және оларды заңсыз дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталды. Материалдар Ішкі істер, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне жолданды.
Қылмыстық кодекске сәйкес, жалған құжаттарды жасағандар айыппұл төлейді немесе екі жылға бас бостандығынан айырылады.
Сондай-ақ дипломның заңды екенін жұмыс берушілер тексере алады. Ол үшін epvo.kz сервисіне кіріп білуге болады.
Бұған дейін қазақстандық ғалымдар дезинформацияға қарсы мобильді ресурс жасаған болатын.