Президент салық төлеу мәдениетін қалыптастыруға айрықша мән берді – кәсіпкер
Мемлекет басшысы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында салық төлеу мәдениетін қалыптастыруға айрықша мән берді. Бұл – бүгінгі біздің ел үшін аса өзекті мәселе. Себебі салықты тек міндет ретінде емес, азамат пен мемлекеттің арасындағы саналы келісім деп қабылдай бастаған сәттен бастап қоғамның сапасы өзгереді. Бұл туралы кәсіпкер, Asem химиялық зауыт және Asem medical клиника желілерінің негізін салушысы Мұхит Асанов мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Өз салығын уақытында әрі адал төлеген азамат өзін мемлекет алдындағы жай ғана орындаушы емес, қоғамдық үдерістердің толыққанды қатысушысы ретінде сезінеді. Мұндай адам мемлекеттен тұтынушы ретінде нақты талап қоя алады. Ол салық төлеуші жолдың сапасын, инфрақұрылымның дамуын, білім мен денсаулық салаларындағы оң өзгерістерді сұрауға моральдық әрі құқықтық тұрғыдан толық құқылы. Бұл талап – қарсылық емес, керісінше, жауапты азаматтық ұстанымның белгісі.
Салық төлеу мәдениетінің қалыптасуы қоғамдағы жауапкершілік деңгейін арттырады. Салыққа деген саналы көзқарас – әділ әрі ашық қоғам құрудың ең тиімді тетіктерінің бірі. Мемлекетке сенім осы жерден басталады. Тариф саясатына да жаңаша көзқарас қажет. Әділ экономика құру үшін «кім қанша тұтынса, сонша төлейді» қағидаты берік орнығуы тиіс. Бұл – әрі тиімді, әрі әлеуметтік тұрғыдан әділ тәсіл. Мысалы, осыған дейін айтып жүрген ұсыныстарымның бірі ретінде көлік салығын мүлдем алып тастап, оның мөлшерін жанар-жағармай бағасына аздап қосуға болады. Егер көлік салығының құны бензиннің бағасына 5-10 теңге көлемінде қосылса, бұл көлік жүргізушілер үшін айтарлықтай ауыртпалық түсірмейді. Ал философиясы қарапайым әрі әділ: көлігіңмен жүргің келсе – жанар-жағармай құй, яғни нақты пайдаланғаның үшін ғана төле. Мұндай тәсіл ресми бұл салықтан гөрі түсінікті әрі әділетті көрінеді. Аз жүретін адам аз төлейді, көп жүретін адам көп төлейді», - дейді Мұхит Асанов.
Бүгінде елімізде кәсіпкерлік орта біртіндеп нығайып келеді. Әсіресе шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы – экономиканың маңызды тірегіне айналды. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесінің 40 пайызға жетуі – осы бағыттағы саясаттың белгілі бір нәтиже бергенін көрсетеді. Алайда сандық көрсеткіш бірден сапалық өзгеріске әкеле бермейді. Отандық кәсіпкерлік ортада алып-сатар делдалдардан гөрі реформатор кәсіпкерлер, яғни жаңа салаларды игеретін, технология мен өндіріс әкелетін, ұзақмерзімді ойлайтын тұлғалар басым болуы тиіс. Өкінішке орай, қазіргі таңда мұндай кәсіпкерлердің үлесі аз, бірақ дәл сол аз топтың болашақтағы ықпалы әлдеқайда зор. Себебі экономиканы алға сүйрейтін – жылдам пайда емес, жүйелі жаңару. Реформатор кәсіпкер – тек бизнес иесі емес, ол экономикалық мәдениетті өзгертуші, жаңа жұмыс орындарын құрушы, адами капиталды дамытушы тұлға. Сондықтан оларды қолдау – жеке бір секторды емес, тұтас экономикалық экожүйені қолдау деген сөз.
«Экономикаға қаржыны орынсыз әрі жүйесіз құя беру инфляцияны күшейтетіні – экономикалық аксиома. Сондықтан мемлекет үшін қатаң бюджеттік тәртіпті сақтау стратегиялық маңызға ие. Қаржы ресурстары тек нақты қажеттілігі бар, ұзақмерзімді нәтиже беретін жобаларға ғана бағытталуы тиіс. Алайда бюджеттік тәртіп тек атқарушы биліктің ішкі жауапкершілігімен шектелмеуі керек. Қоғамдық бақылау институтының рөлін күшейту – аса маңызды. Мемлекет қаржысына жүзеге асырылатын ірі жобалар міндетті түрде ашық талқылаудан өтуі тиіс. Парламенттік тыңдаулар қарапайым формалды шара емес, мазмұнды әрі талапшыл алаңға айналуы қажет. Бұл билік үшін есеп беру мәдениетін қалыптастырып, қоғам сенімін арттырады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қоғамдық бақылауда белсенді болуы керек. Әсіресе бизнеске тікелей әсер ететін нормативтік-құқықтық актілерді талқылау барысында әрбір құжатқа ашық, жекелей түсіндірме беріліп отырса, бұл қабылданатын шешімдердің сапасын айтарлықтай арттырады. Ал ашықтық пен есептілік күшейген жерде ғана қаржының мақсатты жұмсалуына қоғамдық сенім қалыптасады», - дейді кәсіпкер.
Мұхит Асановтың айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлердің басым бөлігі әлі де «орташа табыстар қақпанына» тіреліп отыр. Несие өсімінің жоғары болуы мен айналым капиталын толықтырудағы қиындықтар жаңа нарыққа шығуды, технология енгізуді тежейді. Сондықтан қаржыға қолжетімділікті арттыру және жүйелі қолдау саясаты – сапалы кәсіпкерліктің дамуына қажетті шарт.
«Алматы шаһарын Нью-Йорк, Мәскеу, Париж секілді «ешқашан көз ілмейтін қалаға» айналдыру міндеті – урбанистикалық дамудағы маңызды бетбұрыс. Бұл тек түнгі өмір мен ойын-сауық индустриясымен шектелмейтіні анық. Бұл тәулік бойы жұмыс істейтін экономика, қауіпсіз әрі жарық көшелер, үздіксіз қызмет көрсететін инфрақұрылым және тұрғын мен турист үшін қолайлы орта. Мұндай тұжырымдаманы тек Алматымен шектемей, тәулік бойы тіршілігі тоқтамайтын Шымкент қаласын да кеңейтуге болады. Мұндай урбанистикалық даму қаланың өмір салтын өзгертеніні анық.
Тағы тоқталатын жәйт, кәсіпкерлер саясаттан гөрі экономикада жүргені абзал. Ұлттық буржуазия тек байлық емес, әлеуметтік жауапкершілік пен этикасы арқылы қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға, экономиканы өркендетуге, инновациялар енгізуге қызмет етуі тиіс. Әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылық ұлттық буржуазияның мәдениеті мен беделін арттырады.
Жалпы, ұлттық буржуазия өз байлығын көбейтумен ғана шектелмей, елдің дамуына қызмет ететін экономикалық және әлеуметтік күшке айналуы тиіс. Сол кезде ел экономикамыз тұрақты дамып, қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынас сенімді әрі әділ болады», - деді Мұхит Асанов.
Айта кетейік, бүгін Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды.