Қазақстанда бір айда 80-нен астам жемқорлық фактісі тіркелді

Қазақстанда бір айда 80-нен астам жемқорлық фактісі тіркелді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі 2026 жылғы мамыр айында атқарылған жұмыстың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ведомство мәліметінше, бір айдың ішінде еліміз бойынша 83 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігін пара алу, жымқыру және алаяқтық фактілері құрайды.

Жүргізілген тергеу жұмыстарының нәтижесінде 45 адам күдікті деп танылды. Сонымен қатар 85 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, оның 66-сы сот қарауына жолданған.

ҰҚК дерегіне сәйкес, аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залал көлемі 1,5 млрд теңгеге жеткен.

«Анықталған залал сомасы (аяқталған қылмыстық істер бойынша) 1,5 млрд теңгені құрады. Бюджетке 835,3 млн теңге қайтарылды. Бағасы 11,2 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды», – делінген ҰҚК хабарламасында.

Ведомство өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті.