Оралда тұрғындар жылудың жоқтығына шағымданды: әкімдік жауап берді

8 қазан, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Оралда тұрғындар жылудың жоқтығына шағымданды: әкімдік жауап берді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Әлеуметтік желіде Орал қаласының 4-шағынауданындағы тұрғындар үйлеріне жылу берілмегеніне шағымданған. Тұрғындар бұл мәселені шешуді сұрап, қала әкімдігі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жүгінген, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Осыған байланысты Орал қаласы әкімдігі түсініктеме берді.

Әкімдіктің мәліметінше, «Жайықжылуқуат» АҚ тарапынан аталған тұрғын үйге жылу энергиясын беру толық көлемде қамтамасыз етілген. Жылу желісіндегі параметрлер белгіленген нормаға сәйкес келеді және жылу үйге штаттық режимде жеткізіліп жатыр.

Алайда тұрғын үйдің ішкі жылыту жүйесін іске қосу және реттеу жұмыстарын үйді басқару органы жүргізуі тиіс.

«Пәтер иелерінің кооперативі (ПИК), мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) және басқа да басқарушы органдар тұрғын үйдің ішкі жылыту жүйесін қосуды және реттеуді қамтамасыз етуі қажет», - деп хабарлады қала әкімдігі.

Әкімдік сондай-ақ аталған мәселеге байланысты тиісті ПИК пен МИБ-ке ішкі жылыту жүйесін уақытылы қосып, реттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде хабарлама жібергенін мәлімдеді.

Еске салсақ, Астанада ауа температурасы күрт төмендеген кезде 2-ЖЭО тәулігіне 15-16 мың тоннаға дейін көмір жағады. Бұл туралы «Астана-Энергия» АҚ 2-ЖЭО директоры Нұртілек Тасатхан Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.