Жастардың қазақы әнге қызығушылығы артып келеді – композитор Кентау Назарбек
Соңғы жылдары жастар арасында ұлттық өнерге деген қызығушылық артып келеді. Бұл туралы композитор, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, елордадағы Оқушылар сарайы вокал бөлімінің жетекшісі Кентау Назарбек Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Композитордың айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан кейін ұлттық өнерге деген қызығушылық біршама бәсеңдегенімен, кейін жастардың қазақы құндылықтарға бет бұруы байқалған.
«Соңғы отыз жылда біраз босаңсу болды. Бірақ кейін жастарда ұлттық дүниеге бетбұрыс байқалды. Домбыраға, қазақы әнге қызығушылық артып келеді. Әрине, бұл әлі жеткілікті деңгейде емес. Бірақ қазір ұстаздар да, ата-аналар да дұрыс ән іздей бастады. Бұл жақсы үрдіс», – деді ол.
Кентау Назарбек өнерді табыс көзі емес, ұлтқа қызмет етудің бір жолы деп санайтынын жеткізді. Оның сөзінше, әннің тәрбиелік маңызы материалдық құндылықтан әлдеқайда жоғары.
«Жоқ, әндерімді сатпаймын. Кейде ырымын жасап жататындар болады. Бірақ мен үшін ән сауда емес», – деді композитор.
Ол осыған қатысты белгілі әнші Алтынай Жорабаевамен болған оқиғаны да еске алды.
«Бірде Алтынай Жорабаева қарындасым "Бір бәйтерек, бір шынар" әнінің бағасын сұрады. Сонда оның ниетіне рақметімді айтып: "Қазақ ата-анасын сата ма?" дедім. Өйткені ол әннің мақсаты – ата-ананы құрметтеуге шақыру», – деді Кентау Назарбек.
Сондай-ақ композитор қазіргі әлеуметтік желілер дәуірінде де сапалы әрі мазмұнды әндердің өміршеңдігі жоғалмайтынына сенімді.
«Жақсы дүние өлмейді. Бірақ оны насихаттайтын адамдар керек. Сол үшін шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Бұрынғы классикалық әндер неге қалды? Өйткені олар халықтың жанына жақын болды. Қазір де сондай дүниелер керек», – деді ол.
Композитор Кентау Назарбектің сұхбатын толығырақ осы жерден оқи аласыз.