Ұлан-Батырдағы рейтингтік турнирде қазақстандық балуандар үш қола жүлде жеңіп алды
Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен рейтингтік турнирдің кезекті жарыс күнінде Қазақстан құрамасының қоржыны үш қола медальмен толықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Грек-рим күресінен 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Еркебұлан Ардақов қола медаль үшін белдесуде Оңтүстік Корея спортшысы Хёнун Чхвені жеңіп, үздік үштіктен көрінді.
Ал 130 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Олжас Сырлыбай қола жүлде үшін өткен белдесуде үндістандық Джогиндер Ратхиден басым түсіп, жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Әйелдер күресінде де Қазақстан құрамасы жүлдеге қол жеткізді. 57 келіге дейінгі салмақта Нилуфар Раимова Сингапур өкілі Даниэль Сью Чинг Лимді жеңіп, қола медаль иеленді.
Дегенмен жарыс күні барлық қазақстандық спортшылар үшін сәтті бола қойған жоқ. 50 келіге дейінгі салмақтағы Марал Тәңірбергенова қола жүлде үшін өткен белдесуде қарсыласына есе жіберді.
Сондай-ақ 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесетін Жәмила Бақбергенова турнирді мерзімінен бұрын аяқтады. Ол қола медаль үшін күресуі тиіс болғанымен, федерацияның баспасөз қызметінің мәліметінше, жарақат алуына байланысты жарысты жалғастыра алмады.
Айта кетейік, бұған дейін елордалық спортшы Азия чемпионы атанғанын жазған едік.