Қазақстан БҰҰ алаңында киберқылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы тәжірибесін таныстырды
Қазақстандық делегация Вена қаласында өткен БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссиясының (ҚАҚСТК) 35-сессиясына қатысып, халықаралық деңгейде құқық қорғау саласындағы тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форум жұмысына Бас прокуратура, Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерінің өкілдерінен құралған делегация қатысып, 100-ден астам мемлекеттің сарапшылары бас қосқан алаңда бірқатар бастаманы таныстырды.
Бас Прокурордың орынбасары Асхат Жұмағали пленарлық отырыста Қазақстандағы институционалдық реформалар, соның ішінде адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған өзгерістер туралы баяндады. Ол өз сөзінде «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асырудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар делегация қазақстандық құқық қорғау органдарының қылмыстың алдын алу саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесін таныстырды.
Қазақстан өкілдері ЦАРИКЦ-пен бірлескен іс-шарада есірткі бизнесінің қаржы ағындарын анықтауға және бұғаттауға арналған халықаралық платформаның үлгісін ұсынды. Сарапшылар бұл бастаманы Орталық Азия елдерінде пилоттық режимде енгізу мүмкіндігін талқылау қажеттігін қолдады.
Сондай-ақ отандық делегация есірткі қылмысының цифрлық іздерін қадағалау, трансұлттық алаяқтық call-орталықтарға қарсы іс-қимыл және киберқылмыстың алдын алу бағытындағы сессияларға қатысты.

Сапар аясында Қазақстан делегациясы БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өкілдерімен және Орталық Азиядағы өңірлік әріптестермен екіжақты келіссөздер жүргізді. Кездесулерде Қазақстанда Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік орталық құру бастамасы талқыланды.
Сонымен бірге Оңтүстік-Шығыс Азия сот төрелігі желісіне (SEAJust) мүше болу мүмкіндігі қарастырылып, бұл экстрадиция және заңсыз активтерді қайтару бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашатыны айтылды.
Іс-шара барысында қазақстандық делегация халықаралық әріптестерімен байланыстарды нығайтып, киберқылмыс, адам саудасы, есірткі бизнесі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы өзара тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Бұған дейін елордада прокурорлардың студенттермен кездесу өткізгенін жазған болатынбыз.