Мәдина Әжікенова: Жастарды рәміздерді құрметтеуге тәрбиелеу маңызды

Мәдина Әжікенова: Жастарды рәміздерді құрметтеуге тәрбиелеу маңызды
Фото: Мәдина Әжікенованың жеке архивінен

Мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы маңызы туралы Астана қаласы мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Мәслихат депутатының айтуынша, мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігінің символы.

«Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз әрбір азаматтың жүрегінде Отанға деген мақтаныш сезімін оятады. Рухани тәрбие отбасынан басталады. Әсіресе, балалар мен жастарды мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге ерте жастан тәрбиелеу маңызды. Өйткені елін, жерін сүйетін, оның құндылықтарын қадірлейтін ұрпақ қана мемлекетіміздің жарқын болашағын қалыптастырады», - деді Мәдина Әжікенова.

Оның пікірінше, патриоттық рухтың күшейіп келе жатқанын байқайтынын атап өтті.

«Бүгінде жастарымыз халықаралық жарыстарда, қоғамдық іс-шараларда Көк Туымызды биік көтеріп, ел намысын қорғап жүр. Бұл – патриоттық рухтың күшейіп келе жатқанының айқын көрінісі.

Мемлекеттік рәміздер күні – әрқайсымызға тәуелсіздіктің қадірін тағы бір еске салып, туған елімізге деген сүйіспеншілігімізді арттыратын ерекше мереке. Рәміздеріміз әрдайым биікте желбіреп, Қазақстанымыздың мерейі асқақтай берсін!», – деді Мәдина Әжікенова.