Ақмола облысында пайдаланылмай жатқан 22 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Бүгін, 21:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақмола облысында пайдаланылмай жатқан 22 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Фото: freepik.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Ақмола облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті ауыл шаруашылығы мақсатындағы 22 254 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап. 

Біржан сал ауданында орналасқан және шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жер учаскесі ұзақ уақыт бойы мақсатына сай пайдаланылмаған.

Жердің игерілмегені департамент жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша жер пайдаланушыға анықталған заң бұзушылықтарды жою және жерді игеру жөнінде нұсқама берілді. Алайда мемлекеттік органның талаптары орындалмады.

Осыған байланысты департамент Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап арызбен жүгінді.

Сот талап арызды толық көлемде қанағаттандырды. Нәтижесінде жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау, олардың нысаналы пайдаланылуын бақылау және оларды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда.

Еске салайық, бұдан бұрын елімізде 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы жаздық.