Астанада экология саласының белсенділері марапатталды

Астанада экология саласының белсенділері марапатталды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Сарыарқа ауданы әкімінің ғимаратында Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану басқармасының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған салтанатты іс-шара және марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің  сайтына сілтеме жасап.

Жиында ұйымдастырушылар экология саласының қазіргі уақыттағы өзектілігін атап өтіп, елімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, табиғатты қорғау жолында еңбек етіп жүрген сала мамандары мен ардагерлерге шынайы алғысын білдіріп, мерекемен құттықтады.

Іс-шара барысында Астананың экологиялық жағдайын жақсартуға, жасыл белдеуді дамытуға және табиғатты қорғауға елеулі үлес қосқан бірқатар сала мамандары, экологтар мен ардагерлер марапатталды.

Атап айтқанда, Астана қаласы Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбековке «Экология саласының үздігі» медальмен марапатталды. Сондай-ақ, Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов аталған медаль табысталды. Сонымен қатар, басқа да бірқатар маман түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар экология саласына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіріп, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Салтанатты жиын соңында мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.