Асем Қайдарова: Мемлекеттік рәміздер – ұлттық бірлік пен азаматтық бірегейліктің негізі

Асем Қайдарова: Мемлекеттік рәміздер – ұлттық бірлік пен азаматтық бірегейліктің негізі
Фото: Әсем Қайдарованың жеке мұрағатынан

Бүгін Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтіп жатыр. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран ұзақ уақыт бойы қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналып, ұлттық бірегейліктің маңызды элементі болып келеді. Олардың қоғам бірлігін нығайтудағы және патриотизмді тәрбиелеудегі рөлі туралы ҚР Президенттік орталығының жетекші ғылыми қызметкері, саясаттану ғылымдарының докторы Әсем Қайдарова айтып берді деп, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Сарапшының айтуынша, мемлекеттік рәміздер тек елдің ресми атрибуттары ғана емес, сонымен қатар, оның егемендігін, тарихын және құндылықтарын бейнелейді.

«Мемлекеттік рәміздер – біздің біртұтас Отанға тиесілі екенімізді көрсететін басты белгі. Олар азаматтарды этникалық шығу тегі, тілі немесе діни нанымына қарамастан біріктіреді, елге деген патриоттық сезім мен құрметті қалыптастырады. Ту, Елтаңба және Әнұран халықтың тарихи жадысын, мәдени мұрасын және даму жолына деген ұмтылысын бейнелейді», - деді Әсем Қайдарова.

Мемлекеттік рәміздер ішінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ерекше орын алады. Саясаттанушының айтуынша, көк түсті Ту тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі танымал символына айналған.

«Біздің Туымыз халықаралық аренада мемлекеттің визит картасы болып есептеледі. Ол бейбітшілікті, халық бірлігін және елдің дамуға деген ұмтылысын білдіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көк Ту қазақстандықтардың ұлттық бірегейлігін бейнелейтінін айтып, оған құрметпен қарау керектігін бірнеше рет атап өтті», - деді ол.

Сарапшы мемлекеттік рәміздерге деген құрметті бала кезден қалыптастыру қажет деп есептейді. Оның пікірінше, өскелең ұрпақ рәміздердің мәнін түсінген кезде өз елінің тарихына тереңірек бойлап, оның дамуына байланысын сезінеді.

«Балалар мемлекеттік рәміздердің мағынасын түсінген кезде тәуелсіздіктің құндылығын тереңірек ұғынады, өз елінің тарихын құрметтейді және оның дамуына қатысы бар екенін сезіне бастайды. Бұл – азаматтық жауапкершілік пен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастырудың маңызды негізі», – деп атап өтті Әсем Қайдарова.

Тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтардың мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасы айтарлықтай өзгерді. Бүгінде азаматтар тек ресми іс-шараларда ғана емес, күнделікті өмірде де оларға құрмет көрсетеді.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында адамдар жаңа мемлекеттік рәміздермен енді танысып жатқан болса, бүгінде Ту, Елтаңба және Әнұран ұлттық мақтанышқа айналды. Қазір қазақстандықтар мереке күндері Мемлекеттік Туды жиі іліп, халықаралық жарыстарда спортшыларды қолдап және патриоттық акцияларға белсенді түрде қатысады», – деді сарапшы.

Әсем Қайдарованың айтуынша, мемлекеттік рәміздерді жастар арасында насихаттауда цифрлық технологиялар, әлеуметтік желі мен білім беру жобалары маңызды рөл атқарады.

«Бүгінде жастар ақпаратты цифрлық платформалар арқылы алады, сондықтан видеороликтер, онлайн-жобалар, челлендждер, мультимедиалық көрмелер мен жастар форумдары сиқты заманауи форматтарды қолдану маңызды. Мұндай бастамалар мемлекеттік рәміздерді жаңа буынға жақындатуға көмектесіп, Қазақстанның болашағы үшін жауапкершілік сезімін нығайтады», – деді ол.

Сарапшының атап өткендей, мемлекеттік рәміздер қазақстандық қоғамды біріктіретін ең маңызды құндылықтың бірі болып қала береді және әрбір азаматқа өзінің Отанымен, оның тарихы және болашағымен байланысын еске салып отырады.

Авторы: Мадина Ізекенова